Жетісу облысында қант қызылшасына қосымша субсидия бөлінеді

None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жетісу облысында қант қызылшасына қосымша субсидия бөлінеді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Келер жылдан бастап қант қызылшасының әр тоннасына мемлекеттен тағы 10 мың теңге қосылып, 40 мың теңгеге жететін болады. Бұл туралы жетісулық шаруалармен кездескен ауылшаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек мәлімдеді. Ал биыл шаруалар өнім тоннасын 30 мың теңгеден өткізеді. Онда да 15 мың теңгесін қант зауыты төлесе, 15 мың теңгесі жергілікті бюджеттен. Бұл баға қызылша өсірушілердің көңілінен шықпай отыр. Себебі тұқымнан бастап жанармай, тыңайтқыш, ауылшаруашылығы техникасының бағасы бірнеше есе өскен. Сондай-ақ биыл қант қызылшасын бір ғана зауыт қабылдамақ. Өйткені облыс шаруалары өсірген көлем бір кәсіпорынның қуатына әрең жетіп отыр. Бұл да артық шығын дейді, шаруалар.

Жалпы Жетісу облысында биыл 6 мың гектарға тәтті түбір егілді. 180-нен астам шаруашылық өнім жинау науқанына дайындық үстінде. Ақсу қант зауыты жыл бойы жұмыс істеу үшін модернизацияға жабылып отыр. Ведомства өкілдері шаруалардың бірқатар мәселесін жергілікті билікпен бірлесіп шешуге келісті. Басты мәселе суармалы алқаптарды көбейтіп, игерілмей жатқан жерлерді іске қосу. Ал Үкімет келер жылдан бастап субсидиялаудың жаңа ережесін ұсынып отыр. Қант қызылшасын өсірушілерге де жеңілдік жоқ емес.

«Енді бір мәселе техникаға байланысты баға жаңадан белгіленеді. Соның 25-30 пайызы отандық техника болса, ал шетелдік импорт болатын болса 15 пайызы субсидияланады. Бірақ та қант қызылшасын жинайтын комбайнға 50 пайыз қойып отырмыз», - деді ауылшаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек.



Соңғы жаңалықтар