Жетісу облысында қант қызылшасы алқабы бірте-бірте ұлғайтылмақ
2022 жылғы 2 шілде 21:32

Жетісу облысында қант қызылшасы алқабы бірте-бірте ұлғайтылмақ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жетісу облысындағы қант қызылшасы алқабын ұлғайту үшін су ресурсы мәселесін шешу керек. Сондай-ақ, жергілікті зауыт пен шаруашылықтар арасында тығыз байланыс орнатылуы маңызды. Ақсу ауданына барған сапарында аймақ басшысы Бейбіт Исабаев осыған назар аударды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұзақ жыл тоқтап тұрған тұрған Ақсу қант зауыты іске қосылғаннан кейін оның жобалық қуаты 450 мың тонна қант қызылшасын өңдеуге жеткен. Шикізат жетіспеушілігі туындағандықтан, зауыт қамыс қантын өңдеу желісін де іске қосу жұмыстарына кіріскен. Осы орайда, облыс әкімі қант қызылшасының алқабы бірте-бірте ұлғайтылатынын айтты.

«Ең алдымен, суаратын судың мәселесін шешуіміз керек. Қазір суару каналдарын қайта жаңғыртып, қалпына келтіріп жатырмыз. Қант қызылшасын да, қант қамысын да қатар өңдейміз. Көксу қант зауыты соның арқасында жыл бойы үздіксіз жұмыс істеп тұр. Осындай жүйеге Ақсу зауыты да көшуі керек», - деді Бейбіт Исабаев.

Әкім зауыттың іргелі кәсіпорын ретінде қант қызылшасының сапасын көтеру ісіне белсене атсалысуы тиістігіне тоқталды.

«Мемлекет қажетті көмек жасап отыр, соған лайық сіздердің тарапыңыздан да бастамалар болуы керек. Қызылша өсіруші шаруашылықтармен бірігіп жұмыс істеп, оларға жәрдем жасап отырсаңыздар, екі тарапқа да тиімді болар еді. Қазір алқаптардағы жұмыстың басым бөлігі қол күшімен атқарылады, бұл – ауыр еңбек, сондықтан оны механикаландыруға назар аудару керек», - деді облыс әкімі.

Ал, аудандағы су жетіспеушілігін шешуге Қызылағаш су қоймасының қалпына келтірілгені әсерін тигізбек. Су қоймасының толық сыйымдылығы – 42 млн текше метр. Мұнда қазір нысанның қауіпсіздігі мен шыдамдылығын тексеру процестері жүріп жатыр. Су қоймасы арқылы 7 мың гектарға жуық жерді сумен қамту кезең-кезеңімен іске асырылады деп жоспарланып отыр.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT