Жетісу облысында фри картобы өсірілетін болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жетісу облысында фри картобын өндіретін жаңа кәсіпорын салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Әбілхайыр Тамабектің өңірге сапары барысында инвесторлармен және әкімдіктердің өкілдерімен әріптестік мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР АШМ-нан мәлім еткендей, Ә.Тамабек алдымен, к артоп өсіруге маманданған ірі шаруа қожалықтарының өкілдерімен кездескен. Кейін Нидерланд компаниясының өкілдерімен бірге индустриялық аймақта инфрақұрылымы дайын және жаңа азық-түлік өндірісі салынуы мүмкін индустриялық аймақтағы учаскені қарап шықты.

Сапардың соңында вице-министр Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевпен және «Farm Frites Kazakhstan» ЖШС басшысы Йозеф Боермен кездесті. Тараптар Қазақстанда картоп индустриясын дамыту жөніндегі жоспарларын талқылап, зауыттың болашақта орналасатын жерін талқылады.

«Жоба жүзеге сәтті асырылатын болса, өндірушілер санының көп болуы қажет етіледі. Осыған орай 10 000 гектар алқапта картоп өсіру бойынша фермерлік шаруашылықтың қосымша жобасын іске асыру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, инвестициялар туралы келісім жасасу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Онда барлық тараптың әлеуметтік-экономикалық міндеттемелері реттеледі және «Farm Frites» компаниясының біріктірілген фри картоп зауытын салу кезінде мемлекеттік қолдау шаралары нақты белгіленеді», - делінген министрлік хабарламасында.

Айта кетейік, «Farm Frites» (Farm Frites Beheer B. V.) компаниясының өкілдері 5 жылдан астам уақыт бойы Қазақстанның бірқатар өңірінде картоп пен картоп тұқымын тәжірибе ретінде отырғызып келеді. Олар жоғары сападағы және зауыттың қажеттіліктері үшін қажетті көлемдегі картопты жеткізуді, сондай-ақ жергілікті фермерлерді оқытуды көздеп отыр.

1971 жылы Нидерландта отбасылық кәсіпорын ретінде құрылған «Farm Frites» компаниясының негізгі қызметі - картоптан мұздатылған және салқындатылған өнімдер өндіру. Әлемнің 40 елінде 6 зауыты мен 40 сату кеңсесі бар, онда барлығы 1500 қызметкер жұмыс істейді. «Farm Frites» - әлем бойынша фри өндірісі бойынша төртінші орында тұрған және McDonalds, KFC және басқа да фаст-фуд мейрамханаларының негізгі халықаралық жеткізушілерінің бірі.


Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі




Соңғы жаңалықтар