Жетісу облысында екі басқармаға жаңа басшы тағайындалды

None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Жетісу облысында бірден екі басқармаға жаңа басшы келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі әкімдіктің сайтына сілтеме жасап.

Жетісу облысы әкімінің өкімімен кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы лауазымына Диас Серіков тағайындалды.

Диас Серіков 1988 жылы туған.

Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «экономика және бизнес», Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін «қаржы бакалавры», «экономика және бизнес магистранты» мамандықтары бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын «Қазақстан Республикасының минералды шикізаттарды кешенді ұқсату жөніндегі ұлттық орталығы» РМК-ның инженері болып бастаған.

Әр жылдары Нұр-Сұлтан қаласында «Қазақстандық индустрияны дамыту институты» АҚ бас менеджері, бас сарапшысы, орталық директорының орынбасары, директоры қызметтерін атқарған.

2022 жылдың сәуірінен бастап Алматы облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы лауазымында еңбек еткен.

Ал, Жетісу облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы қызметіне Жомарт Амангелдіұлы Әмірханов кірісті.

Жомарт Әмірханов 1981 жылы туған.

С. Сейфуллин атындағы Ақмола аграрлық университетін «экономика және менеджмент» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын астанада ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Егіншілік департаментінде бөлім маманы болып бастаған.

Әр жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігі Егіншілік департаментінде жетекші маман, бас маман қызметін атқарған. Сонымен қатар, өнеркәсіп, құрылыс, ақпараттандыру, көлік және коммуникация басқармасында бөлім бастығы, Экономика салаларын дамыту департаментінің басқарма басшысы және ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі Өңірлік саясат және бюджетаралық қатынастар департаменті басқармасының басшысы болып еңбек еткен.

2017 жылдың қыркүйегінен бастап Алматы облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.


Соңғы жаңалықтар