Жетісу облысында 5,5 млн теңгеге кенеге қарсы дәрі сатып алынды

None
Фото: pinterest.com
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Жетісу облысында кенеге қарсы өңдеу жұмыстарының екінші кезеңі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жетісу облысында кенеге қарсы өңдеу жұмыстарының екінші кезеңі 1 маусымнан басталды. Сәуір айында Ұлттық сараптама орталығы өңдеуге арналған 230 литр «Фаворит» дәрісі жеткізілді. Дәрілер 5 миллион 552 мың теңгеге сатып алынды», - делінген Жетісу облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінде.

Ведомствоның ақпаратына сәйкес, дәрі барлық аудан, қалаға таратылған. Бүгінгі күні Талдықорған қаласындағы ардагерлер саябағында 13 га жерге кенеге қарсы өңдеу жұмыстары аяқталды. Ал Ақсу, Алакөл, Ескелді, Кербұлақ, Сарқан аудандары мен Текелі қаласында тұрғындар көп демалатын ашық аумақтарда өңдеу жұмыстары басталып, жүргізілуде.

«Сондықтан тұрғындардан кенелерді жою жұмыстары туралы жазылған белгілері бар аумақтарға барудан бас тартуды сұраймыз. Сонымен қатар өңдеу жүргізілген күннен бастап алғашқы 3 күн ішінде осы аумақтарға барудан, жерде жатып демалудан аулақ болуды еске саламыз», - делінген ведомство хабарламасында.

Сондай-ақ кенелерді жою жұмыстары жүргізілген аумақта 45 күн бойы мал жаюға тыйым салынады.


Соңғы жаңалықтар