Жетісу облыстық мәслихатының хатшысы сайланды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жетісу облыстық мәслихатының хатшысы сайланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

8 маусым күні облыстық мәслихат депутаты Асет Қыдырмановтың төрағалығымен Жетісу облыстық мәслихатының бірінші ұйымдастыру сессиясы өтті.

Онда жаңадан құрылған Жетісу облысының мәслихат хатшысы лауазымына Гүлнәр Тойлыбаева сайланды.

Еңбек жолын мектеп мұғалімі қызметінен бастаған Гүлнәр Қожағұлқызы әр жылдары Ескелді ауданының ішкі саясат бөлімінің бас маманы, одан кейін «Nur Otan» партиясының облыстық филиалында бөлім меңгерушісі, аталған мекемеде төрағаның орынбасары, бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.

Осы уақытқа дейін «Аmаnat» партиясы Алматы облыстық филиалының атқарушы хатшысы қызметінде болды.

Жетісу облысының мәслихат депутаттары бұдан бөлек, тұрақты комиссияларды құру, сан құрамын белгілеу және олардың құрамын сайлау, «Жетісу облыстық мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесін құру, құрылымын және штат кестесін, мекеменің регламентін бекітті.

Еске сала кетсек, Қазақстан Президентінің Жарлығына сәйкес Алматы облысының құрамынан Жетісу облысы бөлініп шығады.

Осыған байланысты 8 маусым күні Алматы облыстық мәслихатының кезектен тыс ХХ сессиясының шешімінің Алматы облыстық және Жетісу облыстық мәслихаттары бөлінді.

Соған сәйкес Алматы облыстық мәслихатында – 26 депутат, Жетісу облыстық мәслихатында –19 депутат болып бекітілді.


Соңғы жаңалықтар