Жетісу: Қаратал ауданында пайдаланылмай жатқан жерлер мемлекетке қайтарылады

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жетісу облысы Қаратал ауданында ірі жер иеленушілердің пайдаланылмай жатқан жерлері мемлекетке қайтарылады, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қаратал ауданы тұрғындарының облыс басшысымен кездесуі кезінде көтерген мәселесінің бірі – жайылымдық жер жетіспеушілігі. Осыған байланысты Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев ауданның біршама ауыл шаруашылығы жерлері ірі жер иеленушілердің қолында болып келгенін ашып айтты.

Солардың қатарында «Шығыс Қаратал», «Бақыт Қаратал», «Үштөбе», «Опытное», «Текелі» серіктестіктері мен басқа да бірқатар шаруашылықтар бар, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Мәселен, аэроғарыштық зерттеулердің деректеріне сәйкес Қаратал ауданында пайдаланылмай жатқан 804 га егістік, 74,8 мың га жайылым жер анықталған. Жергілікті әкімдік тарапынан аталған жерлерді айналымға тартуға бағытталған ешбір шара қабылданбаған. Осы ретте облыс басшысы пайдаланылмаған алқаптарды қайтарып, жерді мақсатты игере алатын азаматтарға беру керектігін қадап айтты.

«Бұл мәселені қағаз жүзінде қалдырмай, кабинетте отырмай, ауылдарға барып көріңіз. Аудан әкімдігі бұл жағынан мандытып жұмыс жүргізбеген. Бұлай болмайды!», - деді ол.
Бұл ретте аудан әкімдігіне тиісті сала мамандарымен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, игерілмей отырған ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтару шараларын шұғыл қолға алуды тапсырды. Ірі жер иеленушілердің жиынға қатысқан өкілдеріне де бұл мәселе басты назарда болатынын ескертті.


Соңғы жаңалықтар