«Жетісу» футбол клубы төңірегіндегі ахуал облыс әкімінің жеке бақылауында болады - ҚФФ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов Талдықорған қаласына жұмыс сапары барысында Алматы облысының әкімі Амандық Баталовпен кездесу өткізді. Бұл туралы федерацияның баспасөз қызметінен хабарланды.

Кездесуде аймақтағы балалар-жасөспірімдер футболын дамыту мәселелері мен «Жетісу» футбол клубының жағдайы қозғалды. Өңір басшысы аймақта футболды дамыту және танымал ету үшін көптеген жұмыстар атқарылып жатқанын және алдағы уақытта осы бағытта біршама істер күтіп тұрғанын атап өтті.

Сонымен қатар, облыс әкімі Қазақстан футбол федерациясының көмегімен әрі қарай балалар-жасөспірімдер футболын жан-жақты дамытуды қолға алатынын да жеткізді. Өз кезегінде Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов «Жетісу» футбол клубының төңірегінде қалыптасқан мәселелерге назар аударды.

Облыс басшысы Амандық Баталовтың айтуынша, бұл жағдай оның жеке бақылауында. Өткен маусымдағы қарыздың негізгі бөлігі төленіп, клубқа жаңа жетекші тағайындалған.

Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов сапар аясында өңірдегі футбол қоғамдастығының өкілдерімен кездесуді де жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар