Жетісу ауданында кәсіпкерлер бірнеше әлеуметтік нысан құрылысын қаржыландырды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының Жетісу ауданында тұратын кәсіпкерлер «Туған жер» бағдарламасына белсенді қатысып, бірнеше әлеуметтік нысан құрылысын қаржыландырған. Бұл туралы аудан әкімі Мұхтар Тәжібаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Алматыдағы Өңірлік коммуникациялар қызметінде БАҚ алдында есепті баяндама жасаған Жетісу ауданының әкімі Мұхтар Тәжібаев аудан демеушілері мен кәсіпкерлері Елбасымыздың «Туған жер» бағдарламасына қатысуға үлкен талпыныс білдіргенін айтты.

««Атамекен» бағдарламасының аясында 108 830 000 теңге сома көлемінде 5 жекеменшік балабақша, 2 000 000 теңге сомасына  3 шағын орталық салынды. Мектепке дейін тәрбие беру ұйымдарының ашу үшін 110 830 000 теңге қаражат жұмсалды.  50 млн теңге сомасына хауызы бар 1 спорт кешені жөндеуден өтті», - деді әкім.

Аудан әкімі 30 қарашадағы есеп бойынша, жыл басынан бері 3 341 жаңа жұмыс орыны құрылғанын айтты.

«Ауданда қаңтар-қараша айларында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі - 37 654 млн теңге.  Аудан бойынша нақты орташа айлық жалақы көлемі 134 805 теңгеге жетті. Ауданда 3 341 жұмыс орны ашылды», - деді ол. 

Мұхтар Тәжібаев Жетісу ауданында жыл басынан 150-ге жуық заңсыз жарнама құрылғысы жойылғанын да айта кетті.

«Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қызметкерлері аптасына екі рет заңсыз орнатылған жарнама нысандарын тексереді. Жыл басынан 150-ге жуық заңсыз жарнама құрылғысы жойылды», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар