«Жетісу Арыспен бірге» акциясы басталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат -Талдықорғанда «Жетісу Арыспен бірге!» акциясы басталды. Осыған орай, облыс орталығында гуманитарлық көмек көрсету пункті ашылып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өздеріңізге белгілі, күні кеше Түркістан облысы Арыс қаласында төтенше жағдай орын алып, тұрғындардың жақын маңдағы елді мекендерге көшуіне тура келді. Сол жерде зардап шеккен отандастарымызға қолдау көрсету мақсатында «Жетісу Арыспен бірге» акциясын бастап отырмыз. Осы бір сын сағатта жұрт болып қолдау көрсетіп жібергеніміз дұрыс деп ойлаймын», -дейді Алматы облысы азаматтық альянсының директоры Елдар Сапаров.

Оның айтуынша, гуманитарлық көмекті қабылдау пункті шамамен бір ай көлемінде таңғы сағат 09:00-ден кешкі 21:00-ге дейін жұмыс істемек. Қолдау акциясын ұйымдастырушылар Алматы облысының атынан Арыс қаласына үлкен керуен баратынын мәлімдеді. Осы орайда Елдар Қайсарұлы бұл шараға барлық тұрғындарды белсенді қатысуға шақырып, мүмкіндігінше көмек қолын созуды ұсынды.

Жалпы, зардап шеккен арыстықтарға беретін ең қажетті заттардың тізімі дайындалған. Олардың қатарында консервілер, дәнді дақылдар, макарон өнімдері, минералды су және балаларға арналған киімдер мен көрпе, жастықтар бар.

Айта кетейік, қабылдау пунктінің мекенжайы Талдықорған қаласы Қабылиса жырау көшесі 127 үйде орналасқан. Одан бөлек, Түркістан облысында осы жағдайға байланысты арнайы корпоративтік қор құрылған. Қаржылай жәрдем бергісі келген азаматтар ақшаларын сол жерге аударуға болады.

Соңғы жаңалықтар