Жетісайлық тұрғынның тандырлары Орта Азия елдерінде сұранысқа ие

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Жетісай ауданында тұратын Тұрғынбай Ізбасаров 60 жылдан бері тандыр жасаумен айналысып келеді.

Бүгінде 78 жасқа келген ақсақал Орта Азия елдеріндегі сапалы тандыр жасаушылардың біріне айналып үлгерген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі таңда Тұрғынбай ақсақалдың шағын цехында айына 100-ге жуық түрлі көлемдегі тандыр шығарылады. Мұнда 2 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

«Тандыр дайындау ісін 17 жасымнан үйрене бастадым. Алғашында Ташкент қаласындағы ұсталарға шәкірт болып еңбек еттім. Кейінірек, Атакент кентінде 20 жылдай тұрып, осы кәсіптің берекесін көрдім. Бүгінде өзімнің денсаулығым сыр бере бастағаннан соң, бұл кәсіпті балаларым мен жиендерім мықтап қолға алды», - дейді ауыл ақсақалы.

Қазіргі таңда шағын цехта қызу жұмыс жүріп жатыр. Мұнда тандырдың сан түрін кездестіруге болады. Бағалары да әртүрлі. Ең арзаны яғни шағын тандыр – 3 мың теңге тұрады. Ал адам бойымен бірдей үлкен тандырдың бағасы 30 мың теңгеге дейін барады екен.

Сапалы тандырға қажетті ең басты дүние – сары топырақ. Бұл шикізатты ұста көрші Сарыағаш ауданынан сатып аламын дейді. Ал, екінші шикізаттың түрі – кәдімгі ешкі мен қойдың жүні. Қалған тірлік топырақты иіту мен илеуінде. Тұрғынбай ақсақал шағын кәсіпорынның атын «Тандыр» деп атапты. Мұнда әзірленген тандырдың кемінде 3 жыл толық пайдалануға болады.

«Ол үшін аз ғана күтім керек. Бастысы – сатып алған адамдардың алғысын алып жүрміз. Тапсырыс берушілердің қатары жыл санап артып отырғанының кепілі біз жасаған тандырлардың сапасында деп ойлаймын»,- дейді Тұрғынбай Ізтілеуов.

Осы жылдар аралығында ұста қаншама шәкірт тәрбиелеп, үйреткен. Бүгінде оның қолынан шыққан тандырлар көршілес Өзбекстан, Тәжікстан елдерінде саудаланады. Ал, елімізде Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен Қарағанды, Павлодар, Түркістан облыстарына кеңінен қолданыста жүр.

Соңғы жаңалықтар