Жетісайлық шебер 20 жылда 800-ден астам домбыра жасаған
2022 жылғы 3 шілде 19:40

Жетісайлық шебер 20 жылда 800-ден астам домбыра жасаған

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Жетісай қаласында 20 жылда 800-ден астам домбыра жасаған шебер тұрады. Оның қолынан шыққан бұйымдарды елге танымал азаматтар үлкен сахналарда қолданып жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Октябрь Ағмановтың - негізгі мамандығы құрылысшы. Дегенмен, жігіт ағасының кірпіш қалап, үй соғатын кездері аз. Көбінесе ағаштан әр түрлі дүние жасайды. Жастайынан жанына жақын болған бұл хоббиін өсе келе жеке кәсіпке айналдырған. Қазір домбыра жасап, сатып жүр.

«Негізінде жақсы домбыра 4-5 түрлі ағаштан жасалады. Мен өзімізде өсетін жаңғақ, қара тал секілді ағаштарды қолданамын. Қажетті дүниелер дайын болса, бір домбыраны 3-4 күнде жасауға болады. Бірақ шеберлерде ондай мүмкіндік бола бермейді. Құрап қойып, басқа шаруаларымен айналысасың. Сондықтан бір домбыраны кем дегенде бір апта жасаймыз», – дейді ол.

Ағаш шеберінің айтуынша, домбыраның бағасы оның өлшеміне, тапсырыс берушінің талаптарына, жасалған материалы мен ұстаның еңбегіне байланысты бағаланады. Сондықтан, әр аймақтағы домбыралардың бағасы да әр қилы болып келеді.

«Арасында сыйға кететіндері бар. Ағайын туысқа арнап тегін жасап беретін сәттеріміз де көп. Сонымен қатар, сыйлы қонақтар үшін арнайы тапсырыс беретіндер де кездесіп жатады»- дейді Октябрь Байбақұлы.

Шебер ұлттық аспапты өзіндік талғаммен жасайды. Ою-өрнектерін де қашап, тапсырыс берушінің талғамына сай өзі сызады. Көп оқып, көп ізденеді. Сондықтан ерекше кескінмен сәндеп, әрлеп отырады.

«Сапалы домбыра жасау үшін ағаштың жақсылап кебуі маңызды. Ұзақ кепкен ағаш болса тіптен жақсы» - дейді ол.

Бүгінде Октябрь Ағманов үйінің бір бөлмесін шеберханаға айналдырып алған. Онда жұмысына қажетті құрылғыларды орнатқан. Бос уақытын осында өткізеді. Ал, алдағы уақытта мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алып, кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр. Сол сәтте домбырадан бөлек астау, қасық, кесе, сандық секілді заттарды да жасап, саудаға шығармақ.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT