Жетісайлық шаруалар судан тапшылық көрмейді – аудан әкімдігі

None
None
ЖЕТІСАЙ. ҚазАқпарат – Түркістан облысының Жетісай ауданында бүгінге дейін 10 мың гектар «ақ алтын» алқабы суарылды. Жергілікті шаруалар ағын судан тапшылық көріп отырған жоқ. Бұл туралы аудан әкімдігі мәлімет таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Әбуовтың сөзінше, «Достық» және «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы каналдардан секундына 52 текше метр ағын су келіп жатыр. Бұл көлем шаруалардың сұранысын толық қанағаттандырып отыр.

«52 текше метр судың 20 текше метрін «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» каналы берсе, қалғаны «Достық» каналының еншісінде. Қазыбек би ауыл округінің шаруалары тәулігіне 98 гектар мақта алқабын суарып үлгеруде. Ал, жалпы суарылған алқап 665 гектарды құрайды»,- дейді Марат Әбуов.

Мәселен, «МАК» шаруа қожалығының төрағасы Мұхтар Ботабековтің 17 гектар мақта алқабына су жібергеніне бүгін 3 күн болған. Шаруа жүйелі жұмыстардың арқасында егін суарудан қиналмай жатқанын айтады.

«Ағын судан тапшылық жоқ. Каналда су жеткілікті. Қазір біз жаппай суаруды бастап кеттік. Алдағы аптада мақтаның бірінші суын беріп бітеміз»,- дейді Мұхтар Ботабеков.

Биыл қожалық мақтадан бөлек 3,5 гектар жерге «Жиенбай» қауынын еккен. Қауын алдағы аптада толығымен пісіп жетілмек.

Мақта алқаптарын суаруда Жаңаауыл ауыл округінің шаруалары да ілкімділік танытуда. Бүгінге дейін мұнда 842 гектар «ақ алтын» алқабы суарылған. Айта кетейік, биылғы жылы Жетісай ауданында 45 мың 100 гектарға мақта егілген.

Соңғы жаңалықтар