Жетісайлық әжелер маска тігіп, тұрғындарға тегін таратып жатыр

None
None
ЖЕТІСАЙ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Жетісай ауданындағы әжелер алқасы елде болып жатқан жағдайға өз үлестерін қосуда. Зейнет жасындағы аналар жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне өздері тіккен маскаларды табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жетісай жерінде бетперде тапшылығы болмаса да көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға демеушілер тарапынан гигиеналық және жеке бас тазалығын сақтау құралдары тегін таратылуда.

«Біздің бұл әрекетімізді өзге жас аналар мен ару қыздарымыз қолдауы керек. Кесте тіге алатын қызы бар үйдің адамдары бетперде жоқ деп айтуы ұят. Елге келген нәубетті ел болып жұмыла көтеруіміз тиіс»,- дейді аудандық әжелер алқасының төрайымы Айжамал Қоңырбаева.

Әжелердің қолынан шыққан 700 бетперде аудандағы осал топтағы азаматтарға тегін үлестірілетін болады.

«Ел басына күн туғанда қол қусырып отырмай, демеу көрсете білгені үшін ауданымыздың ақжаулықты әжелеріне шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Бұл маскалар тұрмысы төмен отбасыларға тегін таратылатын болады»,- дейді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әділхан Әбжанов.



Соңғы жаңалықтар