Жетісайдағы өрт: Жаңа базар салынып, кәсіпкерлер шығыны өтеледі

Фото: None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Жетісайда заманауи жаңа базар салынады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өртенген базар орнында болып, Facebook желісі арқылы тікелей эфирге шыққан Сәкен Қалқаманов қазіргі таңда жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен таныстырды.

«Жетісайдағы базарда қарқынды жұмыс басталды. Жүк көліктері жеткілікті. Қажетті техника екі ауданнан жұмылдырылды. Бір-екі күнде өрт қалдықтарынан тазартылады. Параллельді түрді жаңа базардың эскиздік проектісі жасалып жатыр. Алдағы уақытта заманауи жаңа базар салынады. Онда зардап шеккен сатушылар жайғасады және олардан 1 жыл бойы орынды жалға алу ақысы алынбайды», - деді ол.

Сондай-ақ ол кәсіпкерлердің шығынын өтеп беру мақсатында «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры ашылғанын жеткізді.

«Үлкен шығындарды өтеп беру ісінің жалғыз жолы бар. Жекеменшік мүлік болған соң заң бойынша бюджеттен қаржы қарай алмаймыз. Сондықтан қорды жарияладық. Қазір сол қор арқылы қаржы жиналуда. Сондай-ақ базардың иелерінен үлкен соманы жабуды талап етіп отырмыз», - деді Сәкен Қалқаманов.

Қазіргі кезде оқиға орнында өрт қалдықтарынан тазарту жұмыстары тәулік бойы жүріп жатыр. Қызыл жалыннан зақым келген 900 шаршы метр жер жылдам реттелу үшін 6 секторға бөлінді. Әр секторда Жетісайға жақын орналасқан Мақтаарал, Сарыағаш, Келес, Шардара, Жетісай, Қазығұрт аудандарынан келетін құрылысшылар жұмыс істейді. Құрылыс жұмыстары 1 айда толық бітеді деп жоспарланып отыр.

Еске салайық, 26 тамызда Жетісайдағы «Күлпаршын» базарынан өрт шықты. Салдарынан 450-ге жуық кәсіпкердің заттары толығымен жанып кетті.

Кейін кәсіпкерлер орталық көшені жауып, базар әкімшілігінен нысанды тездетіп ашуды талап етті. Оқиға орнына облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов барды.









Соңғы жаңалықтар