Жетісайда «Қыс - 2019» командалық оқу-жаттығуы өтті

None
None
ЖЕТІСАЙ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Жетісай ауданында қыс мезгілінде болатын төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында «Қыс-2019» командалық оқу-жаттығуы өтті. Шараға қатысқан аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев барлық салалық бөлімдердің дайындығын көріп, кез келген сәтте төтенше жағдайға дайын болу керектігін атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқу-жаттығуда сала мамандары қыс кезіндегі төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-әрекеттерін пысықтап, көшіру және ішкі істер органдарымен өзара әрекеттесу жоспарын нақтылады. Сондай-ақ, барлық деңгейдегі авариялық-құтқару, диспетчерлік және болжау қызметтерінің жұмысын, жедел кезекшілік пен басқаруының ұйымдастырылуын, хабарлау және байланыс жүйесінің дайындығын тексерді. Қыс кезіндегі ықтимал төтенше жағдайларды жою үшін құрылған авариялық-құтқару қызметінің құрылымы мен құрал-саймандарының есебі де анықталды.

Жиын барысында энергия, газ, жылу, ауыз сумен қамтамасыз ету жүйелерінің және көлік қатынастарының жұмыс істеуге дайындығы пысықталды. Тәуелсіз энергиямен қамтамасыз ету көздерінің, материалдық-техникалық, азық-түлік, медициналық және басқа да қорлардың шамасы белгілі болды. Оқу-жаттығу барысында авариялық-құтқару қызметі және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуде шұғыл басқару алгоритмдері жасалды.

Халықты шұғыл хабарландыру үшін аудандық орталықтандырылған хабарлау жүйелері, дауыс күшейткіш құралдары, теледидар және басқа да БАҚ арқылы тарату тәртібі қаралды.

Соңғы жаңалықтар