Жетісайда қарақшылық шабуыл жасаған қылмыстық топ ұсталды

None
None
ЖЕТІСАЙ. ҚазАқпарат - Биылғы жылдың қазан айының соңында Жетісай АПБ-нің кезекшілік бөліміне бірден жергілікті үш тұрғын қоңырау шалып, пәтерлерінен қомақты қаражаттары мен бағалы әшекей бұйымдарының ұрланғандығын айтқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полицейлер осы аталған іспен айналысып жатқанда, аудандағы мақта қабылдау пунктерінің біріне қарақшылық шабуыл жасалғандығы туралы арыз түседі. Белгілі болғандай, күдіктілер пәтер иелерінің үйлерінде жоқ екендігін пайдаланып, бір түннің ішінде қатарынан бірнеше үйге ұрлыққа түскен. Ал аудандағы мақта қабылдау пункттерінің біріне сағат түнгі 3:30-дар шамасында жасалған қарақшылық шабуыл кезінде күзетшіні ұрып, соғып, байлап, кассирді қорқыту арқылы ондағы сейфтен 1 млн 700-мыңнан астам ақша мен күзетшінің қалтасындағы 120 мың теңгесін және ұялы телефонын алып кеткен.

Көп ұзатпай полицейлер қылмыстық топ мүшелерін өз көлігімен алып жүрген күдіктіні қолға түсірді. Қылмыстық топ мүшелері 5 адамнан құралған. Қазіргі таңда олардың төртеуі қолға түсті. Екеуі Алматы облысының бұрын қарақшылық бойынша сотты болған тұрғындары, ал тағы екеуі Жетісай ауданының жергілікті тұрғындары. Бесінші күдікті, Қазығұрт ауданының тұрғыны бүгінгі таңда іздестірілуде.

Аталған қылмыстық топ мүшелерінің пәтер ұрлығының 10 жайтына қатысы бар екендігі анықталды. Жалпы шығын көлемі 8 миллион теңгеге жуықтайды. Ал ұсталған қылмыскерлерден 700 мың теңге мен үй иесінің бірінен ұрланған бұйым тәркіленді. Сонымен қатар Жетісай АПБ қызметкерлері олардың тағы да басқа осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы болуы мүмкін екендігін жоққа шығармайды.

Ұсталған күдіктілер қамауда. Тергеп тексеру амалдары жалғасып жатыр.

Соңғы жаңалықтар