Жетісай тұрғындарына міндетті әлеуметтік медсақтандыру жүйесі түсіндірілді

None
None
ЖЕТІСАЙ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Жетісай ауданында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшу барысы талқыланды. Жиынға қатысқан «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Лаура Сапарбекова мен Түркістан қалалық ауруханасының бас дәрігері Жанар Оспанова жаңа жүенің тиімді тұстары мен артықшылықтарын айтып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сала мамандарының сөзінше, келер жылдан бастап елімізде енгізілетін міндетті медициналық сақтандыру жүйесі аясында сақтандырылған азаматтар жоспарлы стационарлық көмек ала алады. Жоспарланған ауруханаға жатқызу бойынша жаңа жүйенің барлық қатысушылары жоғары мамандандырылған медициналық көмекке де қол жеткізбек.

«Бұл көмектердің қатарында қымбат медициналық операциялар да бар. Сондай-ақ, келесі жылдан бастап оңалту іс-шарасы тегін көрсетіледі. Яғни, инсульт алған адамдар үшін еңбекке қабілеттіліктерін қайта қалпына келтіруге қажетті жан жақты медициналық көмектермен қамтылады»,- дейді КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Лаура Сапарбекова.

Жиында сөз сөйлеген мамандар алдағы уақытта созылмалы дертпен аурыратын науқастар үшін де медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы жақсаратынын жеткізді.

«Соңғы уақытта елімізде негізгі созылмалы жұқпалы емес аурулардың саны 2,5 есеге өскен. Мұндай науқастар үшін де медициналық көмек жан-жақты көрсетіледі. МӘМС жүйесі аясында сақтандырылған науқастарға жұқпалы емес және әлеуметтік маңызы бар 25 ауру түрі бойынша дәрігерлердің бақылауында болады. Олар диагностикадан өтіп, консультация және қымбат зертханалық қызметтерге қол жеткізеді»,- дейді Түркістан қалалық ауруханасының бас дәрігері Жанар Оспанова.

Айта кетейік, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі Қазақстан азаматтарына, қандастарға және елімізде тұрақты тұратын шетелдіктерге қолжетімді болады деп жоспарланып отыр. Ал, уақытша тұратын шетелдіктер үшін бұл қызмет шұғыл және айналасындағыларға қауіп төндіретін ауруға шалыдыққан жағдайда ғана көрсетіледі. Сонымен қатар, негізгі әлеуметтік маңызы бар және созылмалы жұқпалы емес аурулар кезінде медициналық көмек толық көрсетілетін болады және дәрі-дәрмек тегін беріледі.

Соңғы жаңалықтар