Жетісай қаласының 50 жылдық мерейтойы аталып өтті

None
None
ЖЕТІСАЙ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Жетісай қаласына 50 жыл толуына орай мерекелік шара өтті. Бұл күні аудан орталығында жыл қорытындыланып, ауылшаруашылық өнімдерінің «Алтын күз – 2019» жәрмеңкесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудан орталығы Жетісай қаласының 50 жылдық торқалы тойында қала әкімдігінің ұйымдастыруымен мәдени іс-шара болып, қаланың дамуына үлес қосқан азаматтар «Жетісай қаласының 50 жылдығы» мерекелік төс белгілерімен марапатталды. Бірқатар азаматтарға арнайы дипломдар табыс етілді. Шара барысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі мен салалық көрмелер, бауырсақ пен палау фестивалдері, көкөніс пирамидалары орналастырылды. Сондай-ақ, түрлі спорттық сайыстар және аудан өнерпаздарының қатысуымен кең көлемдегі концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. «Алтын күз – 2019» мерекелік шарасында жыл бойына еткен еңбектің нәтижесінде үлкен жетістікке жеткен диқан-шаруалар мен түрлі сала мамандары арнайы номинациялар бойынша облыс, аудан әкімінің, аудандық мәслихат пен қала әкімдігінің марапаттарына ие болды. Мерекелік шарада қаланың кешегісі мен бүгіні айтылып, тарих беттеріне есімдері алтын әріптермен жазылған азаматтардың ерен еңбектері айтылды.

Айта кетейік, биылғы жыл табиғаттың қолайсыздығына қарамастан жетісайлықтар үшін табысты болды. Егістік алқаптарындағы өнім ысырап болмай, дер кезінде жиналып алынды. Ауданға қарасты бірқатар ауылдық округтері ақ алтын жинауда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Десек те, ауданда күзгі жиын-терім жұмыстары әлі де жалғасуда. Жыл санап көркіне көрік қосып келе жатқан Жетісай қаласы соңғы жылдары адам танымастай өзгерді. Үкіметтің шағын қалаларды көркейту, дамыту тапсырмасына байланысты қазір қалада көркейту, көріктендіру шаралары қызу жүріп жатыр. Қалада аяқ жолдар салынып, субұрқақтар орнатылды. Әкімшілік ғимаратының айналасы гүлзар орынға айналған. Көшелер жарықтанып, автожолдарға тас төселді.

Қаланың көркіне көрік қосқан зәулім ғимараттар бой көтеріп, жыл басынан бері қалаға 1 млрд 528 млн 357 мың теңге инвестиция тартылған.

Соңғы жаңалықтар