Жетісай ауданында ғасыр жасаған қарияға құрмет көрсетілді

None
None
ЖЕТІСАЙ. ҚазАқпарат –Түркістан облысының Жетісай ауданында Қарой ауылының тұрғындары ғасыр жасаған қарияға құрмет көрсетіп, ат пен автокөлік мінгізді. Ал, ауыл округінің әкімі Нұрлыбек Бақтияров ғасыр куәгерінің кеудесіне «Саналы ұрпаққа өнегелі тәрбие беру жолында еткен еңбегі үшін» төсбелгісін тақты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, жүз жасаған ақсақал Налше Бекшораев 1921 жылы Өзбекстанның Жиззақ облысы, Фариш ауданында дүниеге келген. Ата-анасынан жастай жетім қалған ол еңбекке ерте араласқан. Балалық шағы ашаршылық нәубетіне тура келгендіктен, мектепте оқып сауат ашуға мүмкіндігі болмаған. Өз заманының қиыншылықтарына байланысты күн-түн демей жұмыс істеген. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тылда еңбек етіп, аудан орталығынан шалғай жатқан құмды ауылдарда түйекеш болыпты. Соғыс жылдарынан кейін колхоз және совхоздарда диханшылықпен, мал және су шаруашылығымен айналысқан.

Жұбайы Өлмес Бекшораева екеуі отандасқан 63 жыл ғұмырларында 8 қыз, 3 ұл тәрбиелеп өсірген. Бүгінде олардан 43 немере мен 42 шөбере сүйіп отыр.

Ауылдас ағайындары осындай ел ағасының иығына шапан шауып, сый-құрметтерін көрсетті. Нәубет жылдарындағы қиын тағдырын еске алған қария көзіне жас алып, қазіргі жастарды барды қадірлеуге және аянбай еңбек етуге шақырды. Өскелең ұрпақ пен жерлестеріне ақ батасын берді.

Соңғы жаңалықтар