Жетісай ауданында 4308 отбасыға қаржылай көмек тағайындалды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысы Жетісай ауданында 4308 отбасыға қаржылай көмек тағайындалды. Бұл туралы аудан әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ директорының міндетін уақытша атқарушы Медет Қасымов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Медет Қасымовтың айтуынша, ауданда көпбалалы аналардан құжаттар қабылдау жұмыстары әлі де жалғасуда. Яғни, бұл көрсеткіш алдағы уақытта да өсетін болады. Мәселен, алғашқылардың бірі болып атаулы әлеуметтік көмек алған жеті баланың анасы Мұңайма Сыдықова 453 мың теңгенің аударылғанын айтады.

«Өзім мектеп-интернатта психолог болып еңбек етемін, күйеуім жұмыссыз. Құжат тапсыру жұмыстары 3-4 күнге ғана созылды. Барлығы дұрыс болғандықтан әкімдікке небәрі екі рет қана бардым. Жеті перзентімнің үлкені жоғары оқу орынында ақылы негізде білім алады. Кеше қаржымыздың аударылғаны жөнінде хабарды естіп, қуанып отырмыз. Көпбалалы аналарға қолдау білдіріп, көмек беріп отырған Елбасымызға, үкіметке алғысым шексіз»,- дейді Мұңайма Сыдықова.

Дәл осындай қаржылай көмекке 4 баланың анасы Жанар Байтемірова да қол жеткізіп отыр. Ол бүгінде Жетісай қаласындағы Д. Қонаев атындағы жалпы орта мектебінде ұстаздық етеді. Күйеуі жұмыссыз, ұлдарының үлкен 10-шы сынып оқиды. Жұмысқа жақын жерден айына 25 мың теңгеге пәтер жалдап тұратын жанұя мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қаржылай қолдауға ризашылықтарын білдірді.

«Құжатқа бұрыннан ұқыпты едім, тапсыру барысында кедергі болған жоқ. Қала әкімдігіне 2-3 рет барып, қажетті қағаздарымды өткіздім. Міне, нәтижесінде бір аптаға жетер-жетпес уақытта қаржының аударылғаны жөнінде хабар естіп отырмын. Аталған көмекті жоспарлап, жүйелеп жұмсап, игілігімізге жаратамыз деген ойдамыз. Әр үш ай сайын берілгені де қаржыны жинауға өз септігін тигізері сөзсіз», - дейді Жанар Байтемірова.

Соңғы жаңалықтар