Жетісай ауданына жаңа әкім тағайындалды

None
None
ЖЕТІСАЙ. ҚазАқпарат - Түркістан облысы, Жетісай ауданына жаңа әкім тағайындалды. ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен, ротация тәртібімен бұл қызметті Мұрат Қадырбек атқаратын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа әкімді ауданның әктивіне облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев таныстырды. Өңір басшысы ауданды соңғы үш жыл көлемінде басқарған Жамантай Бейсенбаевты құрметпен зейнет демалысына шығарып салып, оның ерен еңбегін ерекше атап өтті. Ал, жаңа басшының алдына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту бойынша бірқатар міндеттер жүктеді. Мұрат Қадырбек өзіне сенім артқан барша азаматтарға алғыс айтып, Жетісай ауданының дамуы мен өркендеуі жолында бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.

«Жетісай ауданы ерекше әрі ең ірі аудан. Осы ауданның дамуына үлкен үлес қосып, көптеген жаңа бастамаларға мұрындық болған Жамантай Қанайұлын құрмет демалысына шығарып сала отырып, адал атқарған еңбегі үшін алғыс білдіреміз. Жаңа басшыға маңызды міндеттер жүктеліп отыр. Арыс апаты кезінде өзін іскер, батыл басшы екенін көрсетті. Алда атқарылар істер көп. Жаңа өндіріс орындарын ашуды, аудан тұрғындарын жұмыспен қамтуды әрі қарай жүзеге асыру қажет. Ауыл шаруашылығын озық технологиялармен жабдықтап, инвестиция тарту керек. Қоғамдық және құқықтық тәртіпті сақтай отырып, аудан тұрғындарына барынша қолайлы жағдай жасауды тапсырамын», – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, Мұрат Болатұлы 1980 жылы Шардара ауданында туған. Білімі жоғары, заңгер, құқықтану магистрі. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлегі.

Еңбек жолын 2002 жылы Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының прокуратурасының бөлім прокуроры лауазымында бастаған. 2004-2008 жылдары Қазыбек би ауданы прокурорының көмекшісі, Шығыс Қазақстан облысы № 2 Тарбағатай аудандық сотының судьясы лауазымдарын атқарған. 2008-2011 жылдары Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде бюджеттік жоспарлау, қаржы-экономикалық қамтамасыз ету және мемлекеттік активтерді басқару, экономика және қаржы департаментттері директорының орынбасары, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары ретінде еңбек еткен. 2011-2016 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Мемлекеттік қызметті кадрлық қамтамасыз ету департаменті директорының орынбасары, Алматы облысы бойынша департамент басшысының орынбасары, Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облысы бойынша департаменттері басшысы – Тәртіптік кеңес төрағасы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы – әдеп жөніндегі кеңес төрағасы лауазымдарын атқарған. 2016 жылдан бері Арыс қаласының әкімі болды.


Соңғы жаңалықтар