Жетісай ауданына іссапармен барған түркістандық коронавирус жұқтырған

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласының тұрғыны Жетісай ауданына іссапармен барып келген соң, коронавирус жұқтырғаны анықталған. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімет таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімдіктің дерегінше, 30 жастағы азамат 10 сәуір күні Жетісай ауданына жұмыс бабымен барған.

«11 сәуір күні таңертең ол Түркістанға қайта оралған. Жанында тек жүргізуші болған. Қалаға кіреберісте екеуінің де денсаулық көрсеткіштері нормаға сай болып, тіркеуге алынған. Артынша дене қызуы көтеріліп, дәрігерлер көмегіне жүгінген. Науқастан ертеректе алынған анализ бүгінде коронавирус індетін жұқтырғанын растады. Ол Кентау қалалық ауруханасында оқшауланып, тиісті ем алуда. Денсаулық көрсеткіштері бірқалыпты. Бірге тұратын екі тұрғын мен жүргізушіден анализ алынып, олар да оқшауланды. Бұл кісілермен байланыста болған басқа да азаматтар анықталып, тексеру жұмыстары атқарылуда. Тұрғын үй аумағы және байланыста болған адамдар болған жерлерде күшейтілген залалсыздандыру жұмыстары атқарылып, оқшауланды», делінген хабарламада.

Соңғы мәліметтер бойынша аймақта қауіпті инфекцияны жұқтырған азаматтар саны 56-ға жетті. Барлық науқастардың жағдайы қанағаттанарлық, шағым жоқ. Аталған азаматтармен байланыста болғандарды анықтап, оқшаулау жұмыстары жүргізілуде.

Фото: rbc.ru
Соңғы жаңалықтар