Жетінші сыныптан жетпіске келгенше қолымнан қалам түскен жоқ – Белгілі ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай 70 жаста

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Көрнекті ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай 70 жасқа толды», - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мерейтой құрметіне Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Елдік ұстаным және тәуелсіздік нысаны» атты халықаралық конференция ұйымдастырылды.

«Тарихты түгендеу – мехнатты іс. Тірнектеп жинап, түбін қопара зерттеп, көз майын тауысып, жылдар бойы архивтерде отырып еңбек етуге екінің бірінің, егіздің сыңарының қайраты жете бермейді. Ол үшін аса зор табандылық керек, шыдамның шегін көрсетер, төзімді түгел тауысар ауыр жұмысты ұлт алдындағы жауапкершілігін сезіне алған азамат ғана атқара алса керек. Жұрт жұмысына жанын салып істейтін ғалымдардың бірі жетпістің жотасына көтеріліп отырған, ортамыздағы ардақты азаматымыз – Тұрсын Жұртбай», - деді ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев конференцияның ашылуында.

Тұрсын Жұртбай алғашқыда «Қоңыр қаз», «Жүрегiмде жұмыр жер» жыр кітаптарымен ақын ретінде танылды. Одан кейін «Замандасым сырласым» очерктер жинағын шығарды. Онан соң әдеби ортаға дендеп еніп, салиқалы сыни мақалаларымен елді елең еткізді.

«Тұрсын Жұртбайдың Қалибек Қуанышбаев туралы «Дара тұлға» деректі шығармасы да оқырманның оң бағасын алды, «Жер бесік» романы да әдеби ортада жоғары бағаланды. Кейінірек түбегейлі ғылыми-танымдық деректі шығармалар жолына түсіп, таза зерттеушілік қызметпен айналысты. Архивтерді ақтарды, сарғайған газет-журналдан, сирек қолжазбалар бетінен тарихи тың мағлұматтарды тауып, ғылыми айналымға енгізіп, ақтаңдақтардың ақиқатын ашты. Қазақтың көне тарихына сүңгіген «Дулыға» екі томдық тарихи танымдық кітабының берер тағылымы мол. Ұлы Абай, данышпан Мұхтар туралы зерттеулеріндегі ойларының өміршеңдігін айтып, «Бейуақ», «Бесігіңді түзе!..», «Талқы», «Мухтар Омарханович Ауэзов», «Құнанбай», «Сүре сөз» еңбектерінің ғылыми құндылығы аса жоғары», - деп баға берді Мемлекеттік хатшы.

Ал 1922-1937 жылдар аралығындағы, 50-жылдардағы ұлт зиялыларын қудалау, қуғын-сүргінге ұшырату туралы, «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметі басшылары мен мүшелерінің үстінен жүргізілген тергеу істерінің негізінде «Ұраным – Алаш!..» атты үш томдық зерделі зерттеуінің шығуы рухани дүниемізге үлкен серпіліс әкелді. Тұрсын Жұртбай осы үштомдық іргелі зерттеу еңбегі мен «Алаш ақиықтары» атты сирек деректер жинағы негізінде біртұтас Алаш идеясының тұжырымдамасын мүмкін болғанша толық ашты. Ғалым Алаш партиясының Кеңес үкіметіне қарсы астыртын іс-әрекеттері деген 14 томнан тұратын істі түгелдей дерлік тізіп шықты.

«Осылайша бұған дейін жасырын болып келген талай қиянат пен қасірет парақтарын ақтарды. Ол 1988, 1991 және 1997 жылдары Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің архивіндегі 100-ден астам мемлекеттік аса құпия құжаттарымен, тергеудің сұрақ-жауаптарымен, айыпкерлердің көрсетінділерімен, айыптау қорытындыларымен танысып шығуға мүмкіндік алды. 15 жылдан астам уақыт бойы ғылыми ізденіс жүргізіп, әйгілі үштіктің сотындағы айыптаулардың жалғандығын әшкерелейтін тың деректерді ғылыми айналымға түсірді. Баршаңызға белгілі, Мемлекет басшысының жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Бүгінде мемлекеттік комиссияның жобалық кеңсесі, екі кіші комиссиясы, 13 жұмыс және 17 аймақтық топтары құрылып, ғалымдарға алыс-жақын шетелдер мен еліміздегі архивтерде жұмыс істеуге рұқсат беріліп, кең көлемде зерттеу шаралары басталып кетті. Комиссия еліміздегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлығын анықтап, соның негізінде жазықсыз жапа шеккендерді толық ақтауды көздейді. Осы тұрғыдан алғанда Тұрсын Жұртбайдың жылдар бойы жүйелі атқарып келе жатқан зерттеу жұмыстары мемлекеттік комиссияның міндетімен үндес, екеуі бір өзеннің арнасындай десек қателеспейміз. Мемлекет басшысы тамыз айында Тұрсын Жұртбайға өзінің жүрекжарды құттықтауын жолдады, бұйырса Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында мемлекеттік марапаттың да куәгері боламыз деп ойлаймын», - деп қорытындылады Қ. Көшербаев.

Сонымен бірге, Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау сөзін оқып берді.

«Аса құрметті Тұрсын Құдагелдіұлы, сізді 70 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Өзіңізді қазақтың қабырғалы қаламгері, абайтанушы, алаштанушы және ұлтжанды азамат ретінде ерекше құрметтейміз. Сіздің әдебиет әлеміндегі қадамыңыз поэзиямен басталып, тырнақалды туындыларыңыз сол кезде-ақ жоғары бағаға ие болды. Әдебиетсүйер қауымды елітіп әкететін прозалық шығармаларыңыздың да шоқтығы биік. Өмірдің мәні мен маңызын суреттейтін «Бір уыс жусан», «Болашақтың бәйтерегі», «Түйешінің қызы» сияқты туындыларыңыз бірден қалың оқыманның олжасына айналды. Содан бергі уақытта қаламыңыздан туған шығармалардың бәрі қазақ әдебиетінің қазынасына қосылған құнды дүниелердің қатарынан орын алды. Сіздің отандық публицистиканы өркендетуге сіңірген еңбегіңіз де ұшан-теңіз. Ұлттық рухты ояту жолындағы табандылығыңыздың жөні мүлдем бөлек. Абай мұрасының дәріптеудің және ұлы ойшылдың өсиеттерін халыққа кеңінен түсіндірудің озық үлгісін көрсете білдіңіз. Алаш арыстарының аманатына адалдық танытып, біртуар тұлғаларымыздың өмірін зерттеуге бар күш-жігеріңізді жұмсадыңыз. Ұзақ жылдар бойы «Отырар кітапханасын» басқарып, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің, тарихымыз бен руханиятымыздың өрісін кеңейтуге зор үлес қостыңыз. Қоғам өміріне етене араласып, қашанда азаматтық және қаламгерлік ұстанымыңызды айқын танытып келесіз», - дейді М. Әшімбаев.

Сөз соңында Мұрат Бақтиярұлы Мәулен Әшімбаевтың Тұрсын Жұртбайға арнайы беріп жіберген шапанын жапты. Сондай-ақ, Тұрсын Жұртбай Семей қаласындағы Әлихан Бөкейхан атындағы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің құрметті профессоры атанды және Семейге 70 жас мерейтойын тойлауға шақырылды.

ҚР Президентінің баспасөз хатшысы, алаштанушы Берік Уәли де мерейтойға қатысып, жүрекжарды лебізін білдірді.

«Бүгінде біз үшін «жүрек майын шам қылған» Алаштың аяулы азматтары бар. Солардың ең биік тұғырында тұрғаны, біз жеті бел асқан мерейлі тойына келіп отырған қазақтың эрудит ғалымы, ұстазымыз – Тұрсын Жұртбай ағамыз. Тәуелсіздік тұсында тұлғаланған бірнеше буынның тарихи санасының қалыптасуына, әдеби түсінік пен мемлекетшілдік танымның орнауына Тұрсын ағамыздың атқарған еңбегі мен қосқан үлесі оразан зор. Ғалым үшін ең басты қасиеттердің бірі – жанкештілік. Ғылымға адалдық та, принципшілдік те бәрі осыдан шығады. Студент кезімізде Тұрсын Жұртбайдың екі томдық «Дулыға» жинағын жастана оқығанымыз есімізде. Сонау Тарғытай заманынан, яғни қола дәуірінен бері тарихтың мұнарасындай қадау-қадау тұлғаларды белгі етіп, уақыттың желісімен біздің заманымызға қарай тартқан сол еңбек біздің ұлттық «менімізді» оятса, одан кейін үш томдық «Ұраным - Алаш» сол санамызды ұшар биікке көтерді. Ал ағамыздың «Абайтану, «Әуезовтану» тарапындағы ұлан-ғайыр еңбегі өз алдына бір әлем. «Құнанбай», «Қалибек Қуанышбаев» еңбектері де кейінгі өскіннің қолынан түспей оқылып келе жатқан сүбелі зерттеу, сүйекті шығармалар екенін уақыт өзі көрсетті», - деді Президенттің баспасөз хатшысы.

Нұр-Сұлтан қаласының Алтай Көлгінов те мерейтойға келіп, ғалымның ұлт санасын жаңғыртуға сүбелі үлес қосып келе жатқанын айтты.

«Ұлт тарихы мен әдебиеті қос қанаты іспеттес болған Тұрсын Жұртбайды бәрі ұлағатты ұстаз, саналы ғұмырын отандық ғылымды дамытуға арнаған айтары мол азамат ретінде жақсы біледі, шексіз құрметтейді. Тәуелсіздік жылдарында ұлт санасын жаңғыртуға сүбелі үлес қосып келесіз. Ұлы Абайды, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовты, өткен ғасырда қазақты ұлт ретінде жаңа сатыға көтерген Алаш қайраткерлерін тыңғылықты зерттеп, көптеген құнды еңбектер жаздыңыз. Көп жылдар көз майыңызды тауысып, архив ақтардыңыз, бұрын бізге ьеймәлім болып келген тарихи ақтаңдақтарды, құнды құжаттарды жарыққа шығарып, ғылыми айналымға енгіздіңіз. Сіздің «Дулыға», «Кетбұға», «Құнанбай», «Ұраным Алаш», «Алаш ақиықтары» сынды еңбектеріңіз қазақ әдебиеті мен тарихы ғылымында ерекше бағаланады және өз оқыманын тапқан айрықша туынды саналады. Қазақта «Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» деген тәмсіл бар. Кітап боп қапталған құнды еңбектеріңіз әлі талай буынға рухани азық болары сөзсіз», - деді Алтай Көлгінов.

Жиынды қорытындылай келе, мерейтой иесі Тұрсын Жұртбай мемлекет тарапынан көрсетілген ықыласқа алғыс айтты.

«Мүмкін 70-80 жылдары шырша мерекесіндегі балаларға «Болашақта мемлекетті жазушылардың балалары, сендер басқарасыңдар, өйткені қазақша білесіңдер» дегенінде Партком тарапынан ескерту алғанымнан кейін, жаңа ғана құттықтаған Сағат досымыздың ұлы Мәуленге қарап, мемлекеттің басына жазушылардың балалары келгенін айтқым келеді, оның ішінде Қасым-Жомарт та бар. Мен мұны шын жүрегімнен мақтаныш етемін. Себебі жазушылар – тәуелсіздік рухының сахабалары, ал сахабаның ұрпағы қашанда рух-иманына берік деген сөзімді мүмкін Қасым-Жомарт Кемелұлы да естіген болар. Осы алғаудың ауанынан мен соны анық сезінемін. Оның әкесімен 11 жыл бірге істеп едік. Елімнің Президенті тәуелсіздікке бағытталған азды-көпті еңбектерімді елеп жатса, онда шынымен де «еститін мемлекет» болғанымыз», - деді Тұрсын Жұрбай.

«Өзіме аян бір шындық, 7-сыныптан 70-ке келгенімше қолымнан қалам түскен жоқ. «Калям» сөзі қандай аян болса, қаламның маған, менің қаламға сондай адал қызмет еткенім де аян. Мүмкін, жаңылыс жазған, қате тұжырым жасаған, не жеткізе алмаған, не көңіл-күйіме жеңдірген, не ишарамен, емеурінмен жеткізген кездеріміз болған шығар, болды. Бірақ 7-сыныпта Алаш қайраткері үшін мектептен шығарып жіберген сәттен бастап осы уақытқа дейін жарық көрген 76 кітабымның ішінде жалғандыққа барған, өтірік қолпаштаған, шынның бетін бояған кезім болған жоқ шығар, сірә. Оны өз өмірімдегі бір медетім ретінде сезінемін. Өз басыма келсек, мені ғалым деп алғап жатсыздар, рақмет. Бірақ мен қаламды қолға алған сайын өзімді тек қана жазушы ретінде сезінемін. Барлық дүниеге жазушының көзқарасымен, жазушының ар-ожданымен, жазушының көркем ойлау жүйесімен қарап, жазушыға қойылатын қатаң талапты өзіме де қоямын. Өйткені көркем шындықты абсолютті шындық деп есептеймін. Ал деректерді өзімнің пікірімді дәлелдеу үшін ғана пайдаланамын. Мүмкін ғалым-жазушы десеңіздер, шындыққа жақын шығар», - деді Тұрсын Жұртбай.


Соңғы жаңалықтар