Жетім балалардың тұрғын үйге құқығын қамтамасыз ететін ҚР Заңы қабылданды

None
None
АСТАНА. 20 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйге құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңы қабылданды.

Аталған құжаттың мақсаты жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үй мәселелерін шешу, олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, сондай-ақ осы санаттағы балаларды әлеуметтік жағынан бейімдеу болып табылады. Бұл ретте заң жобасымен Салық кодексіне, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңына өзгерістер енгізу қарастырылады.

Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдарға осы санаттағы балаларды баспанамен қамтамасыз ету міндетін жүзеге асыру бойынша заңнамалық деңгейдегі жауапкершілік жүктеледі. Бұдан бөлек, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың пәтер кезегіне басым құқық беру көзделеді. Олардың баспана мұқтажын шешу үшін осы санатты мемлекеттік тұрғын үйге жеке есепке алу туралы норма қамтылады.

«Білім беру ұйымдарындағы, медициналық және өзге де ұйымдардағы, оның ішінде қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін ұйымдардағы жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйге меншік құқығын немесе пайдалану құқығын сақтайтын норма енгізілген. Осы санатқа жататын он төрт жасқа толмаған балалардың тұрғын үйлерін иеліктен шығару жөніндегі мәмілелер жасауға немесе олардың атынан мұрагерлік құқықтан бас тартуға әкелетін мәмілелер жасауға тыйым салынады», делінген түсіндірме жазбада.

Тоқтала кетейік, қазіргі уақытта жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың саны 34 мыңнан асады. Оның 27 мыңнан астамы, яғни 80 пайызға жуығы баспанаға мұқтаж болып отыр.

Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

Соңғы жаңалықтар