Жетім балаларды баспанамен қамту бойынша жауапкершілік күшейтіледі

None
None
АСТАНА. 13 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне

жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйге құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Мұндағы мақсат - балалардың аталған санатының тұрғын үй мәселелерін шешу, олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, оларды әлеуметтік жағынан бейімдеу. Бұл ретте заң жобасымен Салық кодексіне, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңына өзгерістер енгізу қарастырылады.

Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдарға осы санаттағы балаларды баспанамен қамтамасыз ету міндетін жүзеге асыру бойынша заңнамалық деңгейдегі жауапкершілік жүктеледі. Бұдан бөлек, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың пәтер кезегіне басым құқық беру көзделеді. Олардың баспана мұқтажын шешу үшін осы санатты мемлекеттік тұрғын үйге жеке есепке алу туралы норма қамтылады.

Еске салсақ, қазіргі уақытта жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың саны 34 мыңнан асады. Оның 27 мыңнан астамы, яғни 80 пайызға жуығы баспанаға мұқтаж болып отыр.

Соңғы жаңалықтар