Жетібайда West Oil Software компаниясы жұмысшыларының ереуілі заңсыз деп танылды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Жетібай кен орнындағы West Oil Software компаниясы қызметкерлерінің ереуілі заңсыз деп танылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, Маңғыстау облысының Қарақия ауданында «Ойл Транспорт Корпорэйшн» ЖШС-не қызмет көрсететін West Oil Software ЖШС жұмысшылары 23 тамыздан бері жұмысқа шығудан бас тартып отыр.

Ал облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Ә.Іңкәровтың мәлімдеуінше, ереуілге шыққандар негізінен ҚР Еңбек кодексінің 103-бабы бойынша жұмысшылар жалақысын тапсырыс беруші мекеменің жұмысшыларымен теңестіруді немесе айлығын 100% көтеруді талап еткен.

Аталған компания жұмысшыларының бүгінгі күнгі орташа жалақысы - 230 мың теңге.

Жұмысшылар арасында еңбек қатынастарынан туындаған шиеленісті шешу үшін жұмыс берушілердің, облыстық кәсіподақ орталықтарының қатысуымен бірқатар келіссөз жүргізілді.

Жұмысшылардың талабына сәйкес, ҚР Еңбек кодексінің 103-бабы 1-1 тармағы персоналды ұсынумен байланысты емес қызметтер көрсететін мекемеге қолданылмайтынын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі түсіндірді.

Яғни, West Oil Software ЖШС мекемесі «Ойл Транспорт Корпорэйшн» ЖШС қызмет көрсететін аутсорсинг мекеме болғандықтан ҚР Еңбек кодексінің 103-бабы аталған мекеме жұмысшыларына қолданылмайды.

«Жұмыс берушілер тарапынан жұмысшылар талабын орындау мақсатында оларға төмендегідей 4 тармақтан тұратын ұсыныс берілді. Жұмысшылардың жалақысы биылғы 1 қыркүйектен бастап 30% мөлшерінде көтеріледі. Екіншіден, 2022 жылдан бастап еңбекақы мөлшеріне индексация жүргізіледі. Үшіншіден, «Мұнайшылар күніне» орай 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде сыйақы төленеді және жұмыс беруші ұжымдық шарт жасасуға дайын», - деді ол.

Алайда, West Oil Software ЖШС жұмысшылары ұсыныстан бас тартты.

Жұмысшылардың талабын толық орындауға мекеменің қаржылық қуатының жетпейтінін, бар мүмкіндікті қарастырып, ұсыныс жасағанын айтып отыр.

Еңбек дауын шешуге қатысты келіссөз әлі де жалғасып жатыр.


Соңғы жаңалықтар