Жеті жылға сотталған Бақытгүл Хаменованың үкімі өзгеріссіз қалды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға қатысты соттың бұрынғы үкімі өзгеріссіз қалды. Сот үкімімен экс-шенеунік 7 жылға сотталған еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұған дейін Атырауда Бақытгүл Хаменованың апелляциялық шағымы қарала бастағанын жазған болатынбыз.

Бүгін, 21 ақпанда Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Бақытгүл Хаменоваға қатысты аппеляциялық шағымды қанағаттандырған жоқ. Соттың бұрынғы үкімі өзгеріссіз қалды.

«Іс апелляцияда сот үкімінің күшін жойып, ақтау үкімін шығаруды сұраған сотталғандардың және олардың қорғаушыларының апелляциялық шағымдары бойынша қаралды. Бақытгүл Хаменоваға қатысты сот үкімін өзгертуге немесе оның күшін жоюға негіздер болмағандықтан өзгеріссіз қалдырылды», -деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты сот отырысы былтырғы 11 тамызда басталған болатын. Айыптау актісі 55 беттен тұрды.

Сот облыс әкімінің бұрынғы орынбасарын ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен (Ірі көлемде пара алу) кінәлі деп таныды. Былтырғы 15 қарашада үкім шығып, ол 7 жылға сотталды.

«Сот Бақытгүл Хаменованың қабылдаған антты бұзу арқылы қылмыс жасағанын жазаны ауырлататын жағдай деп таныды. Жеңілдететін мән-жай ретінде жас балаларының бары ескерілді. Сотталушыға өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға тыйым салу, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Екі жас баласының болуына байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 74-бабы 1-бөлігіне сәйкес жазаны өтеу мерзімі 3 жылға кейінге қалдырылды», -делінген болатын сот үкімінде.

Сонымен қатар Б.Хаменова «Құрмет» орденінен айырылды. Ол сот залынан босатылды.

Кейін экс-шенеунік сот үкіміне аппеляциялық шағым түсіргенін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар