Жеті шелпек тарату дінге жат па- Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарында жарық көретін мерзімді баспасөзге шолу ұсынады.

*   *   *

  

Пәтерсіз күн кешсе де күлімдеген - «Жетісу» газеті

«Жер бетінде түрлі тағдыр бар. Қоғамның қиындығына барынша төтеп беріп жүргенімен, тірлігінде жұбанып күлгенімен, жаны жаралылар қаншама?! Солардың бірі - Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылының тұрғындары Ерлан Нұрдинов пен Ирина Зеленинаның отбасы» деп жазады «Жетісу» газеті. Автор таңдап алған кейіпкерлер шын мәнінде қаншама тағдыр тауқыметін тартса да сыр білдірмей, түңілмей болашаққа сенім артып келе жатқан жандар екен. Мақалада осынау бір отбасының тәршілігі, қазіргі жай-күйі суреттеліп, олардың басынан өткен тағдыр тәлкегі туралы айтылады. Жазуынша, бұлардың қиындығының жанында алған айлығы шайлығынан артылмай, іштей налып жүргендердің мәселесі тіпті жеңіл көрінеді. Тағдыр түрлі жағынан сынап, өмірлеріне небір шешімі жоқ сұрақтарды суша боратқан. Отбасында бес баласы бар олар екі бөлмелі жалдамалы үйде тұрады екен. Бес балапанды бағу тек әкенің ғана мойнында екен. Шешелері де соның жолына телміреді. Өйткені, ол денсаулығынан жұмысқа жарамсыз, ал... «бас-аяғы жеті адам тұратын үйдің төрт тұрғыны өздігінен тіршілігін жасай алмайды. Ұлдардың ең үлкені Роман 22 жаста. Ол екінші топ мүгедегі. Ал оның ізін жалғаған 20 жасар Илья мен 4 жастағы Жәнібек те жарымжан. Үш бірдей баласының қиын жағдайға жеткеніне ата-ананың жүрегі ауырып, еңсесі түседі. Ал екі жасар қызы мен кәмелетке толмаған ардақтысының дені сау, ата-анасын бағып, бауырларым үшін есейгенде барымды салсам  деген арманы да бар».
null

Отбасы мемлекеттен балаларға тиесілі көмекақыны уақытылы алып тұратын көрінеді. Соның нәтижесінде бала-шағаның дәрі-дәрмегі мен шай-тамағы бар. «Бірақ бұлардың жанына бататын басты мәселе  - баспанасыз босып жүргендіктері. Иә, жарымжан балаларымен тек отағасының жолына қарап отырғандарды кейде тіпті пәтер иелері де жақтырмайтын көрінеді. Әрине, кей сәттері пәтерақы уақытылы төленбей де қалады» деп жазады газет.

 Түркістан арзан қала...емес! - «Оңтүстік Қазақстан» газеті

 Жақында облыс орталығы болып, жаңа мәртебеге көтерілген Түркістан туралы мақаланы «Оңтүстік Қазақстан» газеті жазыпты. Автор ел арасында «Түркістан облыс орталығы болғалы жылжымайтын мүлік пен пәтер жалдау ақысы шарықтап кетті» деген әңгімеге назар бұрып, мәселенің анық-қанығына бойлапты. Журналистің анықтағанындай, Түркістан облыс орталығы болғалы бері шынымен де мұнда пәтер жалдау ақысы біршама көтеріліпті. Мысалы «қаладағы пәтер бағасы жылдар бойы 20-25 мың, әулиесі 30 мың теңгеден аспаған. Қазір жағдайы жасалмаған бір бөлмелі баспананың өзін 30-35 мың теңге деуден тайынбайды» екен. Белгілі болғанындай, шымкенттік риэлторлар да енді облыс орталығына ауысып, мұнда да қызу жұмысқа кірісіпті.
null

«Түркістанда пәтер мен үй бағасы да күрт көтеріліп кеткен. Жөндеу көрмеген бір бөлмелі пәтер - 4 миллион, екі бөлмелісі - 8 миллион, үш бөлмелісі - 9-12 миллион теңге аралығында». Мақала авторы нарықтың парқын білгеннен соң, Түркістан қаласындағы мамандардан, жергілікті тұрғындардан да мәселенің мәнісін қаузапты. Олар бұның бәрін уақытша құбылыс деп бағалайтын тәрізді. Алайда, «Сарапшылардың есебінше, мемлекеттік қызметкерлер отбасы мүшелерімен бірге осында жаппай көшіп келгенде қалада адам саны 30 мыңға көбейеді екен. Яғни бұл жағдай баспанаға сұраныс күн өткен сайын артатынын білдіреді... Әл-әзірге ең арзан қала саналған Түркістан шаһарына облыс орталығы мәртебесі берілуіне орай жылжымайтын мүлік бағасы мен пәтерақы бағасының көтеріліп кетуі жұртшылықты алаңдатып отырғаны рас» деп жазады газет.

Жеті шелпек тарату дінге жат па? - «Сыр бойы» газеті

«Жеті атаны, жеті қазынаны, жеті санын кие тұтқан қазақ елінде жеті шелпек ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ата-баба аруағын сыйлаудан шыққан ұлттық дәстүрдің бірі. Бұл дәстүр қай заманда, қай уақытта шыққаны жайлы нақты дерек жоқ» деп жазады «Сыр бойы» газеті.
null

Газеттің бұл мәселені неге көтеріп отырғаны түсінікті. Өйткені қазір бұл дәстүрді «Алла Тағалаға серік қосу», «Алла Тағаладан басқаға құлшылық ету» қатарына қосып,  ширк деп түсінетіндер баршылық. Автор шариғаттағы шарттарға да тоқтала келе, жеті шелпек туралы аңызға да назар аударыпты. Жеті шелпек туралы ҚМДБ өкілінің де пікірін берген. «Жеті шелпекті тірі адамға таратып, сауабын өмірден озған кісіге бағыштау садақа ретінде Алла разылығы үшін жеті шелпек таратудың ешбір әбестігі жоқ. Жасалған жақсы амалдың сауабын өлген адамға бағыштау  дәстүрімізде бар. Ең бастысы, шелпекті таза ниетпен, сауабын жете түсініп таратқан жөн, - дейді. «Жеті шелпек жеті бәлені жояды», «Жеті шелпек пісірсең, жеті атаңа сауабы тиеді» деген ұғым дінмен, дәстүрмен астасып жатыр» деп жазады газет.

Адасудың ақыры: Хаддадиттер қандай ағым, біле жүріңіз - «Атырау» газеті

«Атырау» газетінің соңғы нөмірлдерінің бірінде «Діни алауыздықты қоздырды» деген күдікке ілінген азамат туралы жазылыпты. Жазуынша, исламның атын жамылған «хаддадизм» бағытын (теріс ағым) белсенді таратушылардың бірі саналатын сол азамат Атыраудың тумасы болып шығыпты. Ағымды ұстанушылар арасында «Әбу Мұстафа» лақап атымен  танымал екен. Осыған орай мақалада күдікке ілінген азамат туралы мәліметтермен қатар, «хаддадизм деструктивті ағымы» туралы да айтылады. Газеттің жазуынша, бұл ағымды негізінен Біріккен Араб Әмірлігінде «білім алғандар» насихаттайды. Хаддадизм ағымының Атырау жерінде таралуына Әбу Мұстафаның түрлі әлеуметтік желілерде жариялаған аудиожазбалары әсер еткен екен.
null

Айта кетерлігі, хаддадизм ағымындағылар исламдағы бірде-бір мәзһабты мойындамайды, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметкерлерін «бидғатшы» көреді екен.

«Хаддадиттер астыртын саясатты ұстанады. Олар  мешітке бармайды. Мешітке баратын жамағатпен ешқандай байланысқа түспейді. Бұл қауымның тағы бір белгісі - көп жағдайда жалған сөйлеу. Құран аяттарын, хадистерді өз пайдасы үшін бұрмалап, теріс сөйлеуге әбден дағдыланып кеткен» деген пікір білдіріпті мамандар.

 

Балаларға лагерь жетпей жатыр - «Дидар» газеті

Шығыс Қазақстан облыстық газетінің деректеріне қарағанда, Семей қаласында 41 416 мектеп жасындағы оқушы бар. Бірақ осылардың ішінде тек 2 мыңы ғана қала сыртындағы жаздық лагерьлерде демала алады екен. Оның өзінде де небәрі үш лагерь ғана жұмыс істеп тұр.

«Бір маусым дегеніміз - екі апталық демалыс. Сонда есепке алсақ, Семейдегі әрбір 20 баланың біреуі ғана жазда лагерьде демалады екен. Үш лагерь, әрине, жеткіліксіз. Ал осы үш лагерьдің материалдық-техникалық жағдайы төмендеп кеткен» деп жазады «Дидар» газеті.
null

Мамандар қала сыртындағы жаздық лагерьлерге деген қажеттілік күн сайын артып отырғанын алға тартқан. Мақалада шағын орталықтар мен балабақшалар сияқты балалардың жазғы лагерьлері де жекеменшік-мемлекеттік серіктестік негізінде салынса деген пікір білдіріледі. Алайда, бұған ешбір кәсіпкер барғысы келмейді екен. Өйткені, бұл кәсіптен келетін пайда аз.

  

Имам ақсақалға қарайды, ақсақал сақалын сипайды - «Орал өңірі» газеті

Мақала негізінен қаралы үйдегі жаназаны шығару барысындағы көріністен басталыпты. Ондағы жаназада мәйітті біраз қаңтарып қойып, ішінде елу теңгелігі түйілген шүберек таратқан екен. Әңгіме осы жоралғыға тіреледі. Ал имам болса жаназаны шариғатқа қайшы келмейтіндей, лайықты өткеруді айтып, біраз кемшіліктерді алға тартқан. Сосын бұл мәселеге ауыл ақсақалдарының араласуын сұрапты. Ақсақалдар үнсіз бас изеп қана қойған екен. Мақала авторы бейіт басындағы әбестіктерді де тізіп шығып, жастардың шариғат шартына шетін қарағанын сынапты. Ал ақсақалдар ше? «Ақсақалдар болса, «Сақалымызды бұлдай береміз бе?» деп, азды-көп абыройын ойлайтындай. «Бұл күнде кім сөз түсінеді дейсің?» дегендей немқұрайлық, самарқаулық бар сияқты. Көңілге кірбің түсіретін әлгіндей жайттар терең тамыр салып, дәстүрімізге сіңісті болып кетпесе екен дейсің» деп күйінеді автор.
null
Фото: dumrf.ru

Таластан тас дәуіріне тиесілі тұрақ табылды - «Арай» газеті

Жамбыл облысының «Арай» жастар газетінің жазуынша, Қаратаудың етегін бойлай орналасқан «Қотырбұлақ», «Бүйрекбастау», «Кебек қашқан», «Тайбастау», «Жетім шоқы» секілді жерлерге жергілікті археологтармен қатар, шетел ғалымдарының да қызығушылығы артып отыр. Мәселен, былтыр Бүйрекбастауға археологиялық қазба жұмыстары жүргізілгенде ерекше маңызға ие тас құралдары таюылып, тұрақтың жас шамасы б.д.д. 30 мың жыл деген қорытынды жасалыпты. Жалпы Халықаралық Қазақстан-Жапония археологиялық экспедициясы тарапынан жүргізілген қазба жұмыстарының барысында аз ғана уақытта 200-ден астам көне жәдігерлер аршылып алынған екен.
null

«Айта кету керек, өткен ғасырдың 50-60 жылдары археолог Хасан Алпыспаевтың зерттеуімен табылған б.д.д 1 миллион- 800 жыл аралығын қамтитын алғашқы адамдардың тұрағы болған Тәңірқазған, Бөріқазған тұрағы да бұл маңнан алыс емес. Жапонияның «Nara» археология институтының жас ғалымы Кунитаке Садакатсудың айтуынша, ол елде тас тұрақтары кездеспейтіндіктен, полеолит дәуірін ден қойып зерттейтін тарихшылар жоққа тән».

Айта кетерлігі, жапон ғалымы алғашқы адамдардың қоныс аударуының бір бағытын Қаратаудың оңтүстігіне жатқызыпты.

«Алғашқы адамдар кезінде жан-жаққа Азия арқылы қоныс аударып отырған болуы мүмкін. Олар негізінен Қаратаудың оңтүстігі арқылы Тянь-Шань тауынан асқан деген болжамдар шындыққа жанасатын сияқты. Өйткені, әр өңірде жүргізілген зерттеулер нәтижесі осыған саяды, - дейді жапон ғалымы».

  

Сырттай оқудан сырт айналғанымыз дұрыс па - «Сарыарқа самалы» газеті

«Сарыарқа самалы» газетінің жазуынша, заңға сәйкес келер жылдан бастап жоғары оқу орындары сырттай оқуға құжат қабылдамайды. Мақала авторы осыған байланысты саланың білікті мамандары мен тұрғындардың көзқарасын білген екен. Онда сырттай оқуды алып тастаудан ұтар һәм ұтылар тұсы сараланыпты. Сарапшының бірі бұған даурығудың еш қажеті жоқтығын айтып, Қазақстан Болон процесіне қатысушы болғандықтан, білім беру саласын жүйелендіріп, әлемдік талаптарға сай етуі тиістігін көлденең тартқан. Сырттайдың орнына қашықтықтан оқыту, дуалды оқыту жүйелері бар екенін жазады. Бұл ретте дуалды оқыту арқылы студенттің оқу мен жұмысты қатар алып жүруіне мүмкіндік жасалатыны алға тартылады. Сосын онлайн секілді заманауи оқыту түрлері де білім сапасын айтарлықтай арттырады екен.
null

Әйтсе де сырттай оқуды алып тастағанға қарсылар «бұл - жастардың, әсіресе ауылдықтардың жоғары білім алуына мүмкіндік беретін жүйе еді» деп өкінетін тәрізді.

«Кей отбасылардың қаржылық жағдайына байланысты балаларын колледждерде оқытуына ғана қауқары жетеді. Жоғары оқу орындарындағы білім ақысы қымбат, оны екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Сондықтан, бірінші кезекте әлеуметтік жағдайды ойлап, колледжде оқып, жұмысқа орналасады да тапқан табысын екінші жоғары білімді сырттай оқуға жұмсайды. Ал бұдан былай мұндай мүмкіндік болмаса, ауыл балалары қайтпек?» депті сарапшы.

 

 

 

 

 

Соңғы жаңалықтар