Жерорта теңізі жағалауында күнге қыздырынуды ұнататындар меланомаға бейім келеді - онколог

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр тері меланомасынан 3 адам қайтыс болды. Терінің қатерлі ісігі - қауіпті дерттердің бірі және мамандардың айтуынша, сирек кездескенімен, өлім-жітім деңгейі жоғары. Мелонома, оның қалдан ерекшелігі, алдын алу жолдары жайында ҚазАқпарат тілшісіне онкологиялық орталықтың емхана меңгерушісі Марат Тұрғынов айтып берді.

- Меланома деген не?

- Меланома – қауіпті онкологиялық ауру, тері обырының бір түрі. Меланома терінің пигментті жасушаларынан пайда болады. Меланоциттер теріге түс беретін меланин деген пигментті өндіреді.

Яғни терінің күнге күйіп, қараюына осы меланоциттер жауапты. Кей жағдайда меланоциттер қатерсіз ісік – қалды, невусты түзеді. Ал ол қатерсізден қатерліге айналған кезде меланома пайда болады.

Меланома теріде ғана емес, ағзаның басқа мүшелерінде, мысалы көзде де, асқазан ішек жолдарында, лимфа түйіндерінде де дамуы мүмкін.

Тері меланомасы сирек кездеседі. Ол тері обырының небәрі 4-10% ғана құрайды. Бірақ қатерлі ісіктің бұл түрінен болатын өлім-жітім – жоғары.

- Тері меланомасына қатысты тәуекел тобына кімдер кіреді?

- Тері меланомасымен ауырғандардың басым бөлігі 30-35 жастағылар. Әйелдерде көбінесе аяғының төменгі бөліктерінде, жіліншік-сирақта орналасады.

Ер адамдарда кеуде бөлігінде, йығынан бастап жамбасқа дейінгі аралықта, көбінесе арқада немесе мойын-баста жиі орналасады. 6 жастан асқан балаларда меланома бетте болады.

Көп жағдайда тері обыры невус-қалдың орнында, тек 28-30% ғана таза тері орнында пайда болады.

Сондай-ақ, қатер тобына жұмысының басым бөлігі шақырайған күн астында өтетін адамдар кіреді. Олар ультракүлгін радиация алады.

Күнге күюді әдетке айналдырғандарда да тері обырының пайда болу қаупі жоғары. Әсіресе, демалысын Жерорта теңізі жағалауында, Түркия, Мысыр елдерінде өткізуді ұнататындар абай болуы керек.

Қараторы адамнан гөрі, ақсары келген, терісі күн көзіне тез зақымданатын адамдарда меланома жиі кездеседі.

Қатер тобына дененің пигментациясы бұзылған адамдар, жүре пайда болған иммун тапшылығы бар адамдар, тері меланомасы бар науқастардың туыстары да кіреді.

Сондай-ақ, гормоналды препараттарды ұзақ уақыт қолдану, қалдың орнын жарақаттау, теріде көлемі 1,5 см қара немесе қою қоңыр түсті туа бітті белгілерінің және денеде кез келген мөлшердегі 50-ден астам қалдың болуы да меланомаға әкелуі мүмкін.

Тағы бір айта кетерлігі, меланомамен ауырып, емделген адамда аурудың қайталану қаупі жоғары.

- Қалдан меланоманы қалай айыруға болады?

- Меңнің, не қалдың меланомаға айналуына нақты не себеп болатыны әлі күнге белгісіз.

Әдетте қал өзгермейді, ал егер ол ұлғая бастаса немесе ісіп, қандай да бір өзгерістер пайда болса, қышыса, ауырса, шаншыса, басқа да жағымсыз әсерлер тудырса міндетті түрде дәрігерге көрсету керек.

Невустың қатерлі ісікке айналуының бір белгісі – оның бетіндегі түк түсіп, жарылуы, қанауы мүмкін. Бұл қатерлі ісік өршігенде пайда болатын белгілер. Сондай-ақ теріде меңге ұқсас қоңыр-қара дақтар пайда болса да дерматологқа немесе онкологқа барып көрінген дұрыс.

Денедегі мең-қалдың түсі қою болған сайын, оның меланома болу қауіптілігі солғұрлым жоғары. Жалпы терінің бетіне шығатын қара пигменттік дақтардан сақтану керек.

Меланоманың асы қатерлі обыр санатына жатқызылуының бір себебі – оның тез күшейіп, алдын ала болжанбайтындығында. Меланома дер кезінде, яғни теріге терең енбеген кезінде анықталса - емделеді.

Ал егер тері обырын дер кезінде байқап, алып тастамаса, оның жасушалары тереңге кетіп, дененің басқа мүшелеріне таралып, зақымдауы мүмкін.

- СҚО-да тері меланомасымен қанша адам дәрігер есебіне алынған?

- Өңірде 138 адам диспансерлік есепке алынған. Оның 95-і – әйел, яғни қыз-келіншектерде ол жиі тіркеледі. Былтыр тері обыры жаңадан 13 адамда анықталды. 2021 жылы осы қауіпті дерттен 3 адам қайтса, өткен жылы да меланомадан осынша науқас көз жұмды.

- Меланоманың алдын алу үшін не істеу керек?

- Ең бастысы сағат күндізгі 11.00-ден 15.00-ге дейінгі аралықта күн сәулесінің астында жүруден бас тартыңыз. Егер далаға шығу керек болған жағдайда теріні қорғау үшін жеңіл, жабық киім киіңіз.

Жалпақ жиекті, күнқағары бар бас киім, күннен қорғайтын арнайы кремдерді пайдалану қажет.

- Әңгімеңізге р ахмет!


Фото: Albina Glisic/Shutterstock


Соңғы жаңалықтар