Жергілікті жұмысшылар мен шетелдіктерді алалаған кәсіпорындарға 64,3 млн теңге айыппұл салынды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бір лауазымды атқаратынына қарамастан, қазақстандыққа аз, шетелдікке көп жалақы төлеген кәсіпорындарға айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Облыстардағы прокурорлар былтыр мемлекеттік еңбек инспекторларымен бірлесіп, шетелдік жұмыс күшін тартатын 64 кәсіпорынға тексеру жүргізді. Оның барысында еңбекақы төлеудегі диспропорцияның 179 жағдайы анықталды. Мысалы, Алматы облысында «CITIC Construction» ЖШС-де Қытайдан келген инженердің жалақысы сол лауазымдағы жергілікті маманға қарағанда 2,5 есе көп болған. Қытайдан келген маман 750 мың алса, қазақстандық айына 300 мың алып келген. Сол сияқты Атырау облысында «Фиркрофт Инжиниринг Сервисез Лимитед» ЖШС-де Англиядан келген жоба инженерінің жалақысы сол лауазымдағы жергілікті маманға қарағанда 10 есе көп болғаны анықталды. Атап айтқанда, шетелік маман айына 15 млн 760 мың теңге, ал жергілікті жұмыскер 1 млн 927 мың теңге алып келген», - деді Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов ОКҚ-де өткен брифингіде.

Анықталған құқық бұзушылықтар негізінде 263 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 64,3 млн теңге айыппұл салынған.

Сонымен бірге, брифинг барысында комитет төрағасы еліміздегі 73 кәсіпорынның жұмыскерлерге төлемеген 1,4 млрд теңге жалақы берешегі бар екенін айтты.

Мұнымен қатар, жыл басынан 1 млн астам қазақстандықтың жалақысы орта есеппен 12%-ға өскен.


Соңғы жаңалықтар