Жергілікті шенеуніктер субсидияның жартысынан көбін ұстап қалады - кәсіпкер

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жергілікті жерде әкімдік қызметкерлері субсидияны өз бетінше таратады және көп жағдайда ол ақшаны кәсіпкерлерге азайтып береді. Ал шаруалар «сау басына сақина тілегісі» келмей, үнсіз қалғанды жөн көреді. Астанада өткен баспасөз мәслихатында «Ak-Hilal» ЖШС директоры Магомед Экажев аталған мәселені қалай шешкенін айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз өсімдік шаруашылығымен айналысамыз. Осыған байланысты мемлекет тарапынан қолдау жасалады. Мәселен, жаңа техниканы сатып алуға субсидия беріледі. Былтыр оның көлемі техника бағасының 25 процентін құрады. Міне, дәл осы қаражатты алғанда біз шенеуніктердің былығына тап болдық. Олар 25 процентті санағанда есеп-қисапты өз бетінше жүргізді. Біздің дәлелдерімізге құлақ асқан да жоқ. Осылайша, субсидияның 25 процентін емес, 9 процентін ғана беріп тұрды. Сонда мемлекет қыруар қаржыны бөліп берді. Ал жергілікті шенеуніктер оны ұстап қалды», - дейді М.Экажев.

Кәсіпкер біраз жерге барып, хат жазды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне де арызданды. Ол жақта кәсіпкердің барлық уәждерін қолдады. Алайда жергілікті шенеуніктер оған: «Министрлік бізге бұйрық емес. Біз әкімдікке ғана бағынамыз. Есеп-қисабымыз дұрыс», - деп тағы да шығарып салды. Содан Магомед Экажев ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің көмегіне жүгінді.

«Шынымды айтсам, бас кезінде біздің мәселеміз шешіледі деп ойлаған жоқпын. Себебі бұған дейін біраз жердің табалдырығын тоздырдық. Бірақ агенттік мамандары бірден әлгі шенеуніктерге шығып, арнайы отырыс өткізді. Сөйтіп, бір айға толмай, біздің мәселеміз шешілді, барлық субсидиямызды төлеп берді. Бұған дейін жергілікті шенеуніктер 14 миллион теңгенің 5 миллионын ғана берген еді. Агенттіктің арқасында біз қалған 9 миллионымызды алдық. Барлық мемлекеттік органдарда бизнеске деген көзқарас осындай болса ғой. Бір қызығы, жаңағы шенеуніктер бізге «барлық кәсіпкерлер бергеніне риза, ал сіздер оған да разы емессіздер» дейді. Заң бойынша берілетін субсидиямыздың біраз бөлігін ұстап қалса, оған біз қалай разы боламыз? Басқалар амалсыз шенеуніктердің айтқанына көніп отыр», - деп атап көрсетті М.Экажев.

Айта кеткен жөн, өткен жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі, сондай-ақ, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Protecting business and investments» жобасын қолға алған болатын. Негізгі мақсат - бизнес пен инвестицияларды жемқорлық әрекеттерден кешенді түрде қорғау. Осыған орай, арнайы жобалық кеңсе құрылды. Оған кіретін мамандар бизнесмендер мен инвесторларды саналуан жасанды бюрократиялық кедергілерден қорғайды. Бүгінде кеңсе 282 бизнес-жобаны жүргізіп келеді. Соның ішінде шетелдік капитал да бар. Осы уақытқа дейін кәсіпкерлерге қолдан кедергі жасаған бірнеше шенеунік жазаға тартылды.

Айта кетейік, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі агроөнеркәсіп саласындағы жемқорлықты бақылау жөніндегі арнайы топты құрған болатын. Оның құрамында бұрын ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі қызметін атқарған Төлеутай Рақымбеков бар. Маманның айтуынша, бүгінде субсидия таратқанда сыбайлас жемқорлық әрекеттері жиі болып жатады.

«Соңғы жылдары ауыл шаруашылығына қыруар қаржы бөлініп келеді. Бір субсидияның өзі он бес жылда 100 есеге өсті. Бұрын 3,5 миллиард теңге болса, қазір субсидия көлемі 300 миллиард теңгеден асады. Өкінішке қарай, жемқорлық әрекеттері де аз емес. Мәселен, облыстық және аудандық деңгейде субсидия таратқанда сыбайлас жемқорлық жиі болып жатады. Ондай фактілер баршылық. Несие ставкасын субсидиялауды алайықшы, 4 мыңнан астам шаруа құжат жинап жүгіреді. Олардың барлығы ауданда, ал жергілікті жерде бюрократия ушығып тұр. Одан да ауылдық несие беру серіктестеріне бере салған жеңіл емес пе? 180 серіктестік қана, олар өздері таратып бере салады. Шаруаларды құжат жинатып, жүгірткенше субсидияны осында, Астанада бір рет бере салған дұрыс», - дейді Т.Рақымбеков.

Соңғы жаңалықтар