+7 (701) 759 90 19
USD 425.77 EUR 494.28
RUB 5.95 CNY 66.14
Jańalyqtar

Жергілікті өзін-өзі басқаруға өкілеттікті ғана емес, оны орындауға ресурс бекіту маңызды - Қайсар Нығметов

2021 жылғы 8 қыркүйек 15:22
Бөлісіңіз:
Жергілікті өзін-өзі басқаруға өкілеттікті ғана емес, оны орындауға ресурс бекіту маңызды - Қайсар Нығметов

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту бағытында елімізде ауқымды қадамдар іске асырылып жатыр. Бұл тұрғыда заңнамалық бағытта да тиісті жұмыстар ескерілген. Осы ретте «ҚазАқпарат» агенттігіне «Экономикалық зерттеулер институты» өңірлік зерттеулер орталығының директоры Қайсар Нығметов өз пікірін айтып берген болатын.

«Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң жобасы

«Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінде «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңды әзірлеу бойынша жұмыс тобы құрылды. Қазақстанда Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, 2022 жылғы ақпанға қарай заң жобасын дайындау жоспарланып отыр», - деді Қ. Нығметов.

Бұл құжатта жергілікті өзін-өзі басқару органдарының құрылымы, оларды құру тәртібі мен өкілеттігі анықталады. Бұл жергілікті өзін-өзі басқарудың әрекет ететін жүйесін орталықсыздандыруға және құруға, мемлекеттік әрі жергілікті өзін-өзі басқару деңгейлері арасында функциялар мен өкілеттіктерді қайта бөлу мен қайталауды болдырмауға мүмкіндік береді.

Сарапшының пайымынша, бұл ретте жергілікті өзін-өзі басқаруға тек өкілеттікті ғана емес, сонымен қатар оларды орындаудың ресурстарын, мүмкіндіктерін бекіту маңызды.

Мемлекеттік басқарудың жергілікті өзін-өзі басқарудан айырмашылығы неде?

«Өзін-өзі басқару – оның қызметіне тікелей қатысатын тұрғындарға ең жақын тұрған базалық немесе төменгі деңгей. Мемлекеттік басқару – жергілікті өзін-өзі басқару деңгейінен жоғары саты және мемлекеттік органның жиынтығы ретіндегі аудандықтан (қалалық) облыстыққа дейінгі билік вертикалі. Бұл жерде қай деңгейде қандай функция бекітілгені маңызды. Қарапайым тілмен айтқанда, «кім не үшін жауап береді, оған өкілеттік пен ресурстар бар ма» деген тәрізді», - деді орталық басшысы.

Жауапкершілік аймақтарын нақты айқындау осы деңгейлердің әрқайсысында басқару сапасын арттыруға, функциялардың қайталануын болдырмауға, жергілікті маңызы бар міндеттерді шешу үшін ресурстарды ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.

Жаңа заң жобасы қандай аспектілерді ескеруі тиіс?

Жергілікті өзін-өзі басқару қызметіндегі көптеген аспектілерге ауыл, ауылдық округ, аудандық маңызы бар қала тұрғындарының саны тәрізді демографиялық фактор әсер етеді.

«Мәселен, Кеңес өкілдікті органының құрамын, жергілікті өзін-өзі басқарудың атқарушы органының штаттық санын халықтың санымен, оның динамикасымен байланыстыру қажет. Бұдан басқа, елді мекеннің жалпы даму деңгейі, географиялық жері, яғни агломерация шегінде орналасуы, ірілену перспективасы секілді экономикалық факторлар да қалалар мен ауылдардағы жергілікті өзін-өзі басқару деңгейлеріндегі бекітілген функциялар тізбесіне әсер етеді. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындарға құқық беру, тікелей демократия элементі ретінде жергілікті референдумдарөткізуді бастама ретінде көтеру қарастырылады», - деді Қайсар Нығметов.

Атап айтқанда, консультативтік референдум көптеген азаматтардың қандай да бір мәселе бойынша еркі мен пікірін білдіруге мүмкіндік береді.

«Референдум тиісті билік органдарының белгілі бір елді мекен тұрғындарының мүддесін ескеру негізінде одан арғы шешім қабылдауы мақсатында тұрғындардың пікірін анықтау формасында қарастырылады», - деді «Экономикалық зерттеулер институты» өңірлік зерттеулер орталығының директоры.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Руслан Ғаббасов

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT