Жергілікті өзін-өзі басқару реформасы: Өңірлердің дамуы үшін мүмкіндік жасалады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасының маңызы неде? Бұл бағытта іске асырылатын қадамдар қандай нәтиже береді ?. Осы тұрғыда «ҚазАқпарат» агенттігіне сала сарапшылары өздерінің пікірін айтып берген болатын.

«Экономикалық зерттеулер институты» өңірлік зерттеулер орталығының директоры Қайсар Нығметовтың пайымынша,

жергілікті маңыздағы мәселелер бойынша шешім қабылдау процесіне азаматтарды тарту – маңызды мақсат. Қазіргі кезде аумақтағы басқару жағдайлары тұрғындардың пікірін елеместен іске асырылатыны жиі кездеседі. Яғни жергілікті биліктің ашықтығы мен есептілігі ұстанымы кей кезде орындалмайтынын байқауға болады. Дамыған жергілікті өзін-өзі басқару тұрғысында азаматтар өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ететін шешімдерді өздері таңдайды.

«Жергілікті өзін-өзі басқару реформасынан қандай экономикалық нәтиже күтуге болады? Бірінші кезекте ол ауылдық округтер деңгейінде экономикалық базаны қамтамасыз етуге байланысты болады. Осы орайда қазіргі түсімдер және оларға бірқатар салық пен төлемнен қосымша қаражатты беру есебінен ескеріледі. Атап айтқанда, 2019 жылы шағын және орта бизнестен түсетін корпоративті табыс салығынан түсімдерді республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке беру шешімі қабылданды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша COVID-19 пандемиясы салдарынан өңірлерде экономикалық белсенділік төмендегеніне қарамастан, былтыр жергілікті бюджеттерге аталған корпоративті табыс салығы 482 млрд теңге шамасында жиналды. Жоспарда 386 млрд теңге ескерілген еді немесе 25 пайыз шамасында өсім болды. Аудандар мен ауылдық округтерді ынталандырудан ажыратпас үшін жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы жобасында облыс, аудан және ауыл арасында ШОБ-тан корпоративті табыс салығын бөлу шамасын регламенттеу қарастырылған», - деді сарапшы.

Осы орайда ол жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс базасын ары қарай кеңейту үшін 2022 жылы бюджеттің төртінші деңгейіне бірқатар салық пен төлемді беру жоспарланып отырғанын нақтылады. Бұл ретте бірыңғай жер салығы, жер телімін пайдаланғаны үшін төлем, жер учаскесін сатудан болған түсімдер қарастырылған. Ал 2024 жылы су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемдерді, қызметтің жеке түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алымды беру жалғасады.

Енді жергілікті өзін-өзі басқару органдары елді мекендерде өмір сүруде сапалы қызметтерді қамтамасыз ету үшін қаржылық ресурстармен бекітілген құзырет пен тетіктерге ие болады. Жеке табыстарынан келген қаражат ауылдық округті дамытуға және жергілікті маңыздағы мәселелерді шешуге бағытталады.

Ауылдық округтер салық базасын арттыру есебінен ауылдық округтердің өз-өзіне жеткіліктігі, яғни табыстың жалпы көлемінен жеке кірісінің үлесі орташа есеппен 2025 жылы 35 пайызға жетеді деп жоспарланған.

Сонымен қатар Қайсар Нығметов әкімдерді тікелей сайлаудың басымдығы неде екенін түсіндірді. Бұл реформаның мақсаты – халыққа жергілікті билік қызметінің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ететін тиісті жүйені құру.

Осы тұрғыда елді мекен тұрғындары әкімдерді тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болып отыр. Өз кезегінде сайланған әкім атқарылған жұмыс үшін халық алдында есеп береді. Осы орайда әкімдерді тікелей сайлау азаматтық қоғамды дамытуда, жергілікті деңгейде демократияны ілгерілетуге тың серпін беруі тиіс. Адамдар өздерінің өзекті мәселелерін шешуге тікелей жұмылдырылады.

Сонымен қатар, бюджет әрі жергілікті өзін-өзі басқару қаражаты есебінен жүргізілген жұмыстарға, қаржыны игерудегі тиімділікке мониторинг жіргізіліп, ауылдық округ әкімшілігі қызметі туралы әкім есебі тыңдалады. Бұдан бөлек, ревизиялық комиссиялар жоспарлы әрі жоспардан тыс тексерулерді өтінім негізінде жүргізеді.

Сарапшы жергілікті өзін-өзі басқаруға жұмылдыру тақырыбына да тоқталды.

«Азаматтардың белсендігі - жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметі тиімділігінің бірінші кезектегі талабы болып отыр. Мемлекеттік органдар, оның ішінде жергілікті өзін-өзі басқару органдары халықпен кері байланыстың заманауи тетіктерін тиімді пайдалануды үйренуі керек. Тұрғындар алдында ауыл әкімінің ашықтығы мен есептілігі деңгейін арттыру бойынша шаралар қабылдау қажеттігі бар. Шешім қабылдауға тұрғындарды жұмылдыру басқару сапасын өзгертуі тиіс, сондай-ақ азаматтық белсендікті арттырып, аталған органдар қызметінің ашықтығын көрсетеді. Жергілікті бюджеттерді бекіту процесіне бақылауды күшейту бойынша шаралар қабылданады», - деді ол.

Жергілікті өзін-өзі басқару реформасы мен өңірлер үшін жаңа мүмкіндіктер

ҚР Президенті жаңындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының Әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Индира Рыстинаның айтуынша, 2025 жылға дейінгі Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасының жобасы ел аймақтарының экономикалық және әлеуметтік дамуының стратегиялық міндеттерін, сондай-ақ тұрғындардың және жалпы мемлекеттің мүддесін ескере отырып әзірленді.

«Жоба аясында жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің тиімділігін одан әрі жетілдіруге және арттыруға бағытталған жаңа тәсілдер еңгізілді. Жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа моделі бес негізгі принцип негізінде қалыптасатын болады: азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысуы; жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлау; ұйымдық, экономикалық және қаржылық мәселелерді шешуде жергілікті өзін-өзі басқару органдарының дербестігі; мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару қызметінің нақты функционалдық шекарасы; жергілікті өзін-өзі басқару органдарының тұрғындар алдындағы ашықтығы мен есептілігі. Аталған концепцияның жүзеге асырылуы ауыл әкімдерінің сайланбалы болуынан бастау алды. Бұл саяси үдерістің басты мақсаты азаматтарды мемлекеттік басқару мен жергілікті шешімдер қабылдауға белсенді тарту болатын. Яғни, азаматтар өзінің белсенді сайлау құқығын пайдаланып, ауыл әкімін сайлау арқылы өз аймағының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына әсер ете алуы. Сонымен қатар осы өзгерістерді жүзеге асыра алатын үміткерлердің бәсең сайлау құқығының негізінде өзін-өзі немесе партия атынан үміткер болып ұсынылуы да мүмкін. Ауыл әкімдерінің сайлауынан басталған саяси реформалар 2024 жылы алғаш рет аудан әкімдерінің сайлауымен жалғасатын болады», - деді И. Рыстина.

Оның сөзіне қарағанда, азаматтық белсенділікті ынталандыру үшін жергілікті деңгейдегі мәселелер бойынша тұрғындардың шешім қабылдауға тікелей қатысуы қарастырылған. Атап айтқанда, бұл елді мекендердің мәртебесін, атауы мен шекарасын өзгерту, жергілікті қоғамдастықтың бірінші кезектегі міндеттерін анықтау мәселелері жатады. Ауылдың өкілді органы - «Кеңес» құрылады. Кеңеске жергілікті қоғамдастықты дамыту жоспары мен бюджетін орындауды бекіту және бақылау, ауылдық деңгейдегі салық мөлшерлемелерінің көлемін реттеу, сондай-ақ ауылдарды абаттандыру мәселелері бойынша өкілеттіктер беріледі.

ҚР Президенті жаңындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының Әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Ермек Тоқтаров жергілікті өзін-өзі басқаруды одан әрі реформалаудың тұжырымдамалық негіздерін әзірлеу қажеттілігі орталықсыздандыру қисынынан туындағанын алға тартып отыр.

«Жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару органдарының тиімділігі пен ұтқырлықығын арттыру үшін қосымша өкілеттіктерге мұқтаж. Ол үшін аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың және ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауға көшу жүзеге асырылды, ал 2024 жылдан бастап аудан әкімдерінің сайлауы өткізіледі. Бұл азаматтарды жергілікті мемлекеттік басқару органдарын қалыптастыру процесіне тартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қабылданған реформалар жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару органдары арасындағы өкілеттіктер мен функцияларды ажыратуға ықпал ететін болады. Реформаны іске асырудың арқасында азаматтық қоғамның дербестігі артады, жергілікті қоғамдастықтардың белсенді өкілдері үшін елді мекенді абаттандыру бойынша өз идеяларын іске асыруға мүмкіндіктер туғызады. Мемлекет әрбір азамат шешім қабылдау процесіне қатыса алуы үшін, осы реформа арқылы елді мекендегі өмір сапасына жауапкершіліктің бір бөлігін өзіне алуы үшін жергілікті өзін-өзі басқару органдарына кең құқықтар береді. Жергілікті өзін-өзі басқару реформасы - бұл жергілікті мәселелерді шешудің жолы ғана емес, бұл өңірлердің одан әрі өсуі мен дамуы үшін мүмкіндіктер жасау», - деді Е. Тоқтаров.

Жергілікті жерлерде басқарудың дербестігін нығайту жөніндегі шаралар кешеніне төртінші деңгейдегі бюджеттерді қалыптастыру да жатады. Жергілікті өзін-өзі басқаруды өз елді мекенінің өзекті мәселелерін шешу үшін ресурстармен қамтамасыз ету маңызды. Бұл үшін жергілікті өзін-өзі басқару әкімшілігінің қарамағына активтер, коммуналдық мүлік және тиісінше оларды жергілікті қоғамдастықтың мүддесі үшін иелік ету құқығы берілетін болады. Салық түсімдерінен алынған қаражат жергілікті қоғамдастық өкілдері қабылдайтын аумақтық даму жоспарларын іске асыруға жұмсалады.

«Осылайша, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару елді мекеннің нақты экономикалық әлеуетіне сүйене отырып, өзекті мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік беретін қаржы құралына ие болады. Сонымен қатар, барлық құрылған активтер олардың иелігінде болады және алынған ресурстарды жерлердегі нақты жобаларға дербес жіберуге болады деген үмітпен оны дамыта алады.

Тұжырымдама өкілді органның функцияларын атқаратын сайланбалы Кеңес органын құруды көздейді. Кеңес жергілікті өзін-өзі басқару бюджеттерін бекітеді, оның орындалуын бақылайды, сондай-ақ салықтар мен төлемдердің ставкаларын реттейді. Тиісінше, төртінші деңгейдегі бюджеттерге қосымша толықтыру көздері қажет болады. Бүгінгі күні меншікті кірістер бюджеттің осы деңгейіндегі шығыстардың 13,4% - ын ғана жабады. Жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс базасы 7 салықпен және төлеммен толықтырылады, оның ішінде бірыңғай жер салығы, жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлем, жер учаскелерін сатудан келетін түсімдер және басқалар», - дейді сарапшы.

Келешекте жергілікті өзін-өзі басқару органдары өңірдің әлеуеті мен ерекшеліктеріне сүйене отырып, өзінің экономикалық дербестігін нығайтатын болады.


Соңғы жаңалықтар