Жергілікті қамтудың өсу қарқыны 6,4 пайызды құрады - Асқар Мамин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл 9 айдың ішінде жергілікті қамтудың өсу қарқыны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,4 пайызды құрады. Бұл туралы еліміздің Премьер-Министрі Асқар Мамин Үкімет отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл 9 айда жергілікті қамтудың өсу серпіні өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,4 пайызды құрады. Қарапайым заттар экономикасының 7 саласы бойынша жергілікті қамтудың жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізілді, оның ішінде машина жасау, фармацевтика, жеңіл, жиһаз, химия және тамақ өнеркәсібі. Бұл ретте, құрылыс материалдары өндірісінде жоспарлы көрсеткішке - 77,3 пайызға қол жеткізілген жоқ. Бірақ бізде әлі 1,5 ай бар. Бұл сала нарықта зор әлеует пен сұранысқа ие. Қарапайым заттар экономикасы тауарларын өндіруде жергілікті қамту үлесі бойынша Шығыс Қазақстан және Қостанай облысы өңірлер рейтингінің көш басында. Ал СҚО мен Алматы қаласы ең төмен көрсеткішке ие», - деді Асқар Мамин.

Сондай-ақ Премьер-Министр жергілікті қамтуды дамыту әкімдердің негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтіп, олардың жұмысы осы міндет бойынша бағаланатынын айтты.

«Жергілікті қамтуды бақылау жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысын жандандырып, оның жұмысына отандық тауар өндірушілерді барынша тарту қажет. Аталған комиссиялардың жұмысы Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында нашар ұйымдастырылған. Бұл ретте қазақстандық қамтудың дамуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда. Мысалы, офтейк-келісімшарттар, тауарлардың электрондық каталогы, жер қойнауын пайдаланушылармен ерікті келісімшарттар сияқты жаңа құралдар енгізілді», - дейді ол.

Одан бөлек, Үкімет басшысы елімізде мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығы және жергілікті қамтуды дамыту қоры құрылғанын еске салды.

«Самұрық-Қазына қоры компанияларының сатып алудағы жергілікті қамту 75% құрап отыр. Бұл оң тәжірибені квазимемлекеттік және мемлекеттік секторлардың басқа компанияларына да тарату керек», - деді А. Мамин.


Соңғы жаңалықтар