Жергілікті бюджеттің қалыптасуы барша халыққа түсінікті болуы тиіс – депутат

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Аудандық, облыстық деңгейдегі өткір мәселелер ашық талқыдан өтіп, шешімдер жергілікті қоғамдастықпен келісе отырып қабылдануы керек. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2019 жылдан бастап Қазақстан күрделі қоғамдық-саяси трансформация кезеңін өткеріп жатыр. Елімізде ауыл әкімдерін халықтың тікелей сайлауы мүмкіндігі бар. Аудан, қала әкімдерін биыл пилоттық деңгейде, келесі жылдан бастап, тікелей сайлау мүмкіндігі болады. Қазақстан суперпрезиденттік басқару жүйесінен бас тартты. «Бір Президент – бір мерзім» саяси новелласы енгізілді.

Мәжілісте Қазақстанның саяси тарихында алғаш рет 6 партия жұмыс істеп жатыр. Конституциялық сот құрылды. Мемлекет басшысы Тоқаев күрделі геосаяси жағдайда халыққа Конституциялық реформаны ұсынып, ол өзгерістерді халық толыққанды қолдады», - деді Е. Саиров Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, Мәжілістегі AMANAT фракциясы енді Үкімет жергілікті әкімшіліктермен бірлесіп, осы саяси трансформацияны халықты шешім қабылдау процесіне кеңірек араласуы үрдісіне айналдыра отырып, қоғамның әлеуметтік-экономикалық белсендігін арттыруға пайдалануы қажет.

«Аймақтарда жергілікті әкімдер бюджет қабылдау процесіне жаңа сайланған мәслихаттардың творчестволық потенциалын пайдалана отырып, бюджет процесіне қоғамды кеңірек қатыстыру мәдениетін жасау маңызды. Жергілікті бюджеттің қалыптасуы барша халыққа жаппай ашық және түсінікті болуы тиіс. Аудандық, облыстық деңгейдегі өткір мәселелер ашық талқыдан өте отырып, шешімдер жергілікті қоғамдастықпен келісе отырып қабылданғаны абзал. Үкіметтің өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы саясатын, тарифтерді өзгерткенде, бұл қадамдар халыққа түсінікті әрі ашық болуы шарт», - деді депутат.

Оның пайымынша, Үкімет елімізде өтіп жатқан саяси трансформацияның мәні мен маңызын халыққа түсіндіре отырып, азаматтардың қоғамдық творчествосын арттыруға бағытталған нақты шешімдер қабылдауы тиіс.


Соңғы жаңалықтар