Жергілікті әкімдерге табыс көздерін қалыптастыру құқығы беріледі

None
None
АСТАНА. 30 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасының басты мақсаты жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асыруда азаматтардың конституциялық құқықтарын іске асыруды қамтамасыз ету үшін құқықтық шарттарды жасау болып табылады. Бұл ретте жергілікті қоғамдастықтың жиналыстары (жиындары) арқылы жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуде ауылдардың, кенттердің, аудандық маңызы бар қалалардың тұрғындарының рөлін арттыру көзделеді. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының жиналыстарын, жиындарын қалыптастыру, өткізу және құзыретін реттеу, жиналыста жергілікті маңызы бар мәселелерді қаржыландыруды міндетті түрде талқылау шаралары қарастырылады.

Бұдан бөлек, заң жобасында Елбасы белгілеген тәртіппен мәслихат депутаттарының аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдерін сайлау жөніндегі норманы енгізе отырып, әкімдерді сайлау кезіндегі мәслихаттардың рөлін арттыру қарастырылады. Сондай-ақ жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуде басқаруды кеңейту көзделген. Оның ішінде әкімдерге табыс көздерін қалыптастыру құқығы беріледі. Бұл ретте әкімдердің қарамағындағы мүлікті жалға беруден түсетін кірістер, ерікті алымдар, қайырымдылық және демеушілік жарналары, айыппұлдың жекелеген түрлері, сыртқы жарнаманы орналастыру үшін төлемдер, сонымен бірге, заңнамаға қайшы келмейтін өзге де түсімдерді әкімдердің өздеріне қалыптастыру құқығы беріледі. Жергілікті халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру және қосымша табыс алу үшін ауылдық әкімдерге аудандық коммуналдық меншіктің бір бөлігін, атап айтқанда, мәдениет үйлерін, кітапханаларды, балабақшаларды, спорт нысандарын беру қарастырылады.

Тұтастай алғанда заң жобасын қабылдау жиналыстар мен жиындар арқылы халықтың еркін білдіру бөлігінде азаматтардың конституциялық құқығын іске асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, құжат аудандық (қалалық) мәслихаттар тарапынан аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің, ауылдық округтердің құрамына кірмейтін ауылдардың әкімдерін сайлауды қарастырады. Халықтың басқарушылық шешімдерін қабылдауға қатысу арқылы сапалы тұрғын үй коммуналдық қызметтерді алуға, санитарлық жағдайды, қоғамдық тәртіпті жақсартуға деген қызығушылығын арттыру қамтылады. Бұдан бөлек, жергілікті халық жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге бөлінген бюджет қаражаттарын пайдалану бойынша мониторинг жүргізуге қатысатын болады. Ал ондай жергілікті маңызы бар мәселелерді шешудегі төменгі деңгейдегі әкімдердің дербестігі кезеңімен және біртіндеп нығайтылады.

Бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасы, екінші оқылымға әзірлеу үшін бас комитетке тапсырылады.

Соңғы жаңалықтар