Жерге түкірген Ерлан Саиров айыппұлды жеңілдікпен төледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Тікелей эфирде жерге түкірген Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров өзіне салынған айыппұлды төледі. Бұл туралы депутат Facebook-парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құрметті достар! Біз құқықтық мемлекетте өмір сүреміз. Әрбір азамат өзінің істегені үшін жауап беруі қажет. Мен кешегі»Хабар«арнасындағы»түкірік«үшін айыппұл төледім. Заң алдында барлық азамат тең болуы керек. Бұл – аксиома! Сонда ғана әділетті қоғам құрамыз», - деп жазған Ерлан Саиров төленген айыппұл түбіртегінің скринін қоса ұсынды.

Депутат 15 315 теңге көлеміндегі айыппұлды жеңілдікпен төлеген, ол 7 657 теңге 50 тиынды құрайды.

Мәжілісмен басқа да азаматтар заң алдында өз жауапкершілігін сезінуі қажет екенін атап өтті.

«Әсіресе, халықтың игілігін жымқырып қойған олигархтар мен алпауыттар. Олардың жауапкершілігін біз көздеріне «шұқшитып» көрсетуіміз қажет. Әрбір адам өзгерісті өзінен бастауы тиіс. Әрқайсымыз өзгерсек, мемлекетті өзгертеміз. Мені қолданған азаматтарға көп рахмет. Мені сынға алған азаматтарға да ризашылығымды білдіремін. Біз Біргеміз!», - дейді Е. Саиров.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаты телеарнаның тікелей эфиріне қосылып, Екібастұз қаласындағы апатқа қатысты жағдайды жеткізу кезінде жерге түкіріп жіберген.

Полиция департаменті видеоны зерттеп, жалпы пайдалану орындарын ластау фактісі бойынша ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 434-2-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғады және депутатқа 5 АЕК (1 АЕК – 3063 теңге) мөлшерінде айыппұл салды.

Фото: t.me/POLICE_of_KZ


Соңғы жаңалықтар