Жерді жалға беру процесі электронды форматқа көшіріледі – Ербол Қарашөкеев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жерді жалға беру процесі электрондық форматқа ауыстырылады. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев «Хабар 24» телеарнасындағы «Ошақбаев Live» тікелей эфирінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, енді жалға алынған жерді екінші тұлғаларға жалға беру мүмкіндігі болады.

«Сондай-ақ, егер 5 жылдан астам ауылда тұрсаңыз, жерді жалға алуға құқығыңыз бар. Қазір Жайылымдар туралы заң жобасы әзірленіп жатыр. Бұл заң жобасы қазір Мәжілістің қарауында. Жаңа заңға сәйкес, пайдаланылмай жатқан жерді мемлекет иелігіне қайтару мерзімін қысқарту көзделген. Заң қабылданған жағдайда пайдаланылмайтын жерді мемлекет иелігіне қайтару мерзімі 2 жылдан 1 жылға дейін қысқарады», – деді Е. Қарашөкеев.

Оның айтуынша, жерді жалға беру мәселесінде министрліктің алдында тұрған басты міндет – ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу.

Сонымен бірге, министр жер учаскелерін рәсімдеуді электрондық форматқа ауыстыру туралы айтты. Бұл жерді жалға беру процесінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін жасалады. Келесі жылдан бастап жер инспекциясы Ауыл шаруашылығы министрлігіне бағынатын болады, бұрын ол жергілікті әкімдіктер қарамағында еді. Яғни, енді жерді жалға алу процесін жергілікті әкімдіктер электронды түрде рәсімдейді, ал жерді тиімді пайдалануға рұқсат пен бақылауды министрлік жүзеге асырады.


Соңғы жаңалықтар