Жерді заңсыз кепілге беру фактісі бойынша 6 қылмыстық іс тергеліп жатыр

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміз бойынша пайшыларға 546 мың гектар жер қайтарылды. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бас прокуратура банктерде және өзге де қаржы ұйымдарында заңсыз салынған ауыл шаруашылығы жерлерін бақылау жөніндегі жұмысты жүйелі негізде жүргізеді. Ол үшін әкімдіктер жанында құқық қорғау органдарының қатысуымен жер заңнамасы саласындағы проблемалық мәселелерді шешу бойынша ведомствоаралық жұмыс кіші топтары жұмыс істейді», - делінген Роман Склярдың жауабында.

Оның атап өтуінше, прокуратура органдары шартты жер үлестерін пайдалану және пайшылардың құқықтарын қорғау мәселелерін реттеу саласында заңдылықтың сақталуына тексеру жүргізеді.

«Прокурорлардың қабылданған іс-шараларымен ел бойынша пайшыларға 546 мың гектар жер қайтарылды. Заңсыз кепіл және жерді қайта ресімдеу фактілері бойынша 6 қылмыстық іс тергелуде. Мәселен, 81 мың пайшыдан тұратын және 4,1 млн гектар ауыл шаруашылығы алқаптары бар 169 проблемалық кәсіпорын анықталды. Оның ішінде 868 мың гектар жер заңсыз кепілге берілген. 20 мың пайшының мүддесі үшін прокурорлар соттарға 350 мың гектар жерді меншік иелеріне қайтару туралы 30 талап арыз берді. Ведомствоаралық кіші топтардың жұмысы тұрақты негізде жүргізіледі. Осыған байланысты жаңа комиссия құру қажеттілігі жоқ», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар