Жерді тиімді пайдаланбайтындар оны қайтаруы керек - Құмар Ақсақалов

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында өңір басшысы Құмар Ақсақалов депутаттар алдында есеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да тиімді пайдаланылмаған жерлер мемлекет меншігіне қайтарылады. Депутаттар алдында есеп берген облыс әкімінің айтуынша, тексеру нәтижесінен кейін 2015 жылдан бері 662,5 мың га алқаптағы учаскелер басқаларға берілген. Егістікке бейжай қараған шаруалар салдарынан төмен өнім алады. Жерді күтіп-баптамағаннан кейін оның құнары жойылады.

«Шағала агро» ЖШС мен «Крахмал агро» ЖШС-нің егіс алқаптарының аумағы бірдей, 7 мың гектардан. Алайда, «Шағала агро» әр гектардан - 35 центнер алса, екіншісінің өнімі одан 33%-ке төмен. Соның салдарынан еңбекақыда да үлкен айырмашылық бар, түсетін салық та аз», - дейді Құмар Ақсақалов.

СҚО-да 287 шаруашылыққа потенциалын анықтау мақсатында сараптама жасалып, олар үздік-орташа-артта қалған қағидаты бойынша 3 санатқа бөлінді. Бірінші санатқа 7 кәсіпорын жеті көрсеткіш бойынша енген. Бұл жерде жоғары еңбекақы, ірі сүт-тауарлы ферманың, бордақылау алаңының және ірі қараның болуы, дәнді дақылдардан жоғары өнімділік, техниканы жаңартып отыруы және ауылдың әлеуметтік дамуына үлес қосуы есепке алынды.

Үздіктердің қатарына «Дайындық Агро», «Иван Зенченко», «Тайынша-Астық», «Ноғайбай», «Заградовское», «Прометей Агро» ЖШС-тері және «Зенченко и К» КС-і енді. Орташа көрсеткіші бар шаруашылықтардың саны - 64 болса, артта қалғандар – 194.

Артта қалған шаруашылықтардың иелігінде қазір 1,7 млн га алқап бар. Олар әр гектардан 10 центнерге жетпейтін өнім алады. Мемлекет қолдау көрсетіп, субсидия бергенімен, олардан, әзірше, қайтарым жоқ.

«Біз бұл шаруашылықтардың санын кеміту үшін жұмыс істейміз. Өнімділікті арттыратын болсақ, оның нәтижесін әр жұмысшы көретін болады. Әсіресе көш соңында жүргендер жағдайды дұрыстауға тырысуы керек. Әр шаруашылық басшысына, аудан әкімдеріне міндет қойылды», - деді өңір басшысы.

Құмар Ақсақаловтың айтуынша, Президент агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша нақты мақсаттарды белгіледі. Соның негізгілері экспорт көлемін 2,5 есе ұлғайтып, ауыл шаруашылығы саласындағы өнімділікті арттыру.

«Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады» деп қорытындылады өз сөзін облыс әкімі.


Соңғы жаңалықтар