Жерді шетелдіктерге сатуға болмайды, бірақ шетелдікке жалға беру мәселесін ойланған жөн - К. Сағадиев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жерді шетелдіктерге сатуға болмайды, бірақ шетелдікке жалға беру мәселесін ойланған жөн. Бұл туралы Жер реформасы жөніндегі комиссияның отырысында комиссия мүшесі Кенжеғали Сағадиев осылай мәлім етті.

«Жалпы әлемдік тәжірибеге қарасақ, ешбір мемлекет шет елдіктерге жерін сатып жатқан жоқ. Ондай болған емес. Бір ақпарат бойынша дамыған елдерде бар, алайда мұның пайызы тым төмен, аз ғана. Ешкім сатпайды десек те болады. Яғни, шет елдіктерге Қазақстанның жерін сатуға болмайды», деді К. Сағадиев.

Сонымен қатар, ол Қазақстандағы бос, пайдасыз жатқан жерлердің тағдырына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, жерге тиіспей, оны келесі ұрпаққа қалдыруға да болады, бірақ олай істесек келер ұрпаққа осы дауды да ысырып тастауға тура келеді. «Дегенмен, біз жерге тиіспейміз, оны келер ұрпаққа қалдырамыз дер жүріп, оның құнарлығынан айырылып қалмаймыз ба? Жер тозып барады. Менің ойымша, жерді шетелдіктерге жалға беруге болады. Қазақстан мынадай жердің барлығына иелік етіп, оны өз бетінше қарай алмайды. Ол шындық, қалай айтсақ та шындық сонда.

Дей тұрғанымен, халықтың көтеріп отырған шындығы бар. Ол тарихтан белгілі, Ресейге, Қытайға қатысты мәселелерді айтып отырмын. Бұл қауіптың болуы да рас. Осы тұрғыдан алғанда «жерді көршілес мемлекеттердің азаматтарына жалға беруге болмайды» деп айтып жүргендер бар. Ол қауіпті де түсінуге тиіспіз. Алайда алалауға да бара алмаймыз. Дегенмен, шетелге жалға беру деген Қытайды елімізге әкелу деген сөз емес. Бұл кім көрінген жер беріледі деген сөз емес. Халықтың қобалжып отырғанын түсіне отырып, заңдардың қауқарын арттыруға тиіспіз.

Жалға беретін болсақ, бірталай уақыттан соң шетелдіктердің меншігіне өтіп кететінін халық айтып жатыр. Ендеше, сол жердің шетелдікке өтіп кетпеуінің бәрін заңда қамтып тастасақ қайтеді? Оның бәрін істеуге де болады ғой! Жер кодексінен бастап, Отбасы туралы, көші-қон туралы заңның бәрін қайта қарап, жерді ешкімнің меншігіне өтіп кетпейтінін қамтыйық», деді К. Сағадиев.

Бұдан бөлек, комиссия мүшесі жерді жалға беру мерзімін қайта қарау керектігін алға тартып, оны 25 жылдан қайтадан бұрынғы 10 жылға түсіруді ұсынды.

Соңғы жаңалықтар