Жерді пайдаланушылардың құқықтарын қорғау мен жауапкершілік күшейтіледі - Берік Оспанов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Оспанов жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша заң жобасының негізгі жаңалықтарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жер реформасы жөніндегі комиссия құрылғанын білесіздер. Наурыз айының соңынан бастап бір ай көлемінде біраз мәселені талқылап, тиісті заң жобасы әзірленді. Осы орайда жалға алу құқықтарын жетілдіру мәселесі қаралды. Сонымен қатар, қазақстандықтарға жекеменшікке жер беру мәселесі бойынша нақты келісім болмағаннан кейін, ұсыныс бойынша мораторий 5 жылға ұзартылып жатыр. Бұл бағытта толық шешім жоқ, яғни жекеменшік керек немесе жекеменшік керек емес деген пікір бар. Сондықтан бұл мәселе тағы қоғамдық талқылауда болады деп, тиісті ұсыныс жасалды», - деп тоқталды Б. Оспанов.

Оның айтуынша, қазіргі кезде орталық деңгейдегі құзырлы орган – Ауыл шаруашылығы министрлігінде жер заңнамасын сақтау, жер сапасын қорғау, мақсатты пайдалануды қадағалау жөнінде өкілдігі болмай тұр. Бұл функциялар өңірлерге жүктелген.

«Сол себепті соңғы жылдары заң бұзушылық жағдайлары көбейіп кеткен. Енді жаңа заң жобасы өңірлік деңгейден республикалық деңгейге бақылау мен тексеру функцияларын қайтадан орталыққа беру бойынша өзінің шешімін тауып отыр. Сонымен бірге, жер пайдаланушылардың құқықтарын қорғау жағынан қосымша мүмкіндіктер ескерілген. Мұнымен қоса, олардың жауапкершілігі де күшейтілмек, яғни жерді мақсатты пайдаланбаса, онда жауапкершілік болады», - деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, құжат аясында деректер ашықтығына екпін қойылған. Жерді алған азаматтар мен мекемелер туралы мәліметтер ашық қолжетімді болады.

«Көпшіліктің ұсынысы бойынша біраз өзгеріс енгізілген. Жұмыс тобының қызметі барысында қосымша заңның нормаларын күшейтетін, нақтылайтын тиісті өзгерістер құжатқа енгізілген болатын. Бүгін бірінші оқылымда мақұлданды. Енді екінші оқылымға дейін талқыланатын бірқатар норма бар. Жұмыс тобының отырысына 40-қа жуық адам адам қатысып келеді. Олардың арасында депутаттар, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, «Атамекен» ҰКП өкілдері, саяси партиялардың мүшелері, қоғам қайраткерлері, сала мамандары атсалысып жатыр. Біздің ұстанымымыз – Жер реформасы жөніндегі комиссиясының шешімдерін заңдастыру», - деді Берік Оспанов.

Бұдан бөлек ол заң жобасы аясында ауылдың маңындағы жерлерді елдің пайдалануына қайтару, елді мекен айналасындағы жайылымның көлемін анықтау жөнінде тиісті қадамдар ескерілгенін атап өтті.

Заң жобасының негізгі өзгерістері мен толықтырулары:

- қазақстандықтарға және қазақстандық заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді 49 жылға дейінгі мерзімге жалға беру;

- Жер ресурстарын басқару комитетіне жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау функцияларын әкімдіктерден қайтару;

- ауыл шаруашылығы жерлерінің нысаналы мақсатын «бағбандық» және «саяжай құрылысына» өзгертуге тыйым салу;

- халықтың мұқтажын қанағаттандыру мақсатында, жергілікті жағдайларды ескере отырып, жайылымдарды басқару жөніндегі жоспарларда, қажетті жайылым алқабының шекарасын айқындау;

- ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке беруге мораторийдің қолданылу мерзімін 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзарту.


Соңғы жаңалықтар