Жерді пайдалану және қорғауға бақылау күшейтіледі - Нұрлан Нығматулин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда жайылым тапшылығын шешуге ықпал ететін нормалар заңнамаға енгізіледі. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік , бүгін палатаның жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

«Бұл құжат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен әзірленді. Осы заң жобасы бойынша ең алдымен халқымыздың назарында жүрген өте маңызды жер мәселесі бойынша нақты шешім қабылданды. Ең бастысы, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға беру заңмен бекітілді. Осы мәселеге қатысты қоғамда әртүрлі пікірлер мен ойлар айтылды. Енді жерді жекеменшікке беру 5 жылға тоқтатылады. Жалпы, заң жобасы жеке мал жаю үшін қажетті жайылым тапшылығын шешуге де ықпал етеді. Сонымен бірге жерді пайдалану және қорғауға бақылауды күшейтеді. Жер учаскелері бойынша ақпараттың ашықтығы да артатын болады», - деді Н. Нығматулин.

Заң жобасының негізгі өзгерістері мен толықтырулары:

- қазақстандықтарға және қазақстандық заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді 49 жылға дейінгі мерзімге жалға беру;

- келесі, жалға алу мерзімі аяқталған кезде оны жаңа мерзімге ұзарту құқығын беру;

- мемлекеттен сатып алмай, жер пайдаланушылар арасында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге жалдау құқығын иеліктен шығару. Бұл ретте, оларды пайдалану мерзімі кемінде 5 жыл, сондай-ақ жер қатынастары органдарын хабарлау міндетті шарт болып саналады;

- Жер ресурстарын басқару комитетіне жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау функцияларын әкімдіктерден қайтару;

- ауыл шаруашылығы жерлерінің нысаналы мақсатын «бағбандық» және «саяжай құрылысына» өзгертуге тыйым салу;

- халықтың мұқтажын қанағаттандыру мақсатында, жергілікті жағдайларды ескере отырып, жайылымдарды басқару жөніндегі жоспарларда, қажетті жайылым алқабының шекарасын айқындау;

- ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке беруге мораторийдің қолданылу мерзімін 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзарту.


Соңғы жаңалықтар