Жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі Бас мемлекеттік инспектор тағайындалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Е. Қарашөкеевтің бұйрығымен АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов Жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі Бас мемлекеттік инспекторы болып тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат АШМ сайтына сілтеме жасап.

Айта кету керек, 30 маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойылды. Аталмыш заң жердің пайдаланылуы мен қорғалуы бағытындағы мемлекеттік бақылау функцияларын астанада, облыстарда және республикалық маңызы бар қалаларда аумақтық бөлімшелерін құра отырып, орталық уәкілетті органның құзыретіне қайтаруды көздейді.

Мұрат Теміржанов 1977 жылы Ақмола облысында туған. Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетін, Қазақ гуманитарлық заң университетін бітірген.

Еңбек жолын 1998 жылы Көкшетау қаласында салық инспекторы болып бастаған.

2001 жылы Зеренді ауданы бойынша салық басқармасы төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы болды.

Түрлі жылдары жеке меншік құрылымдарда басшылық қызметтер атқарды.

2013-2014 жж. ҚР Президент Әкімшілігі Қауіпсіздік Кеңесінің ситуация орталығының консультантының міндетін атқарушы, консультанты болды.

2016-2021 жылдары — VI шақырылымындағы Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі.

2021 қаңтар айынан наурыз айына дейін — ҚР ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі.

2 наурызда Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы болып тағайындалған еді.



Соңғы жаңалықтар