Жерді қайтарып алу оңай шаруа емес, ол үшін жер иесін сотқа беруге тура келеді - АШМ

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл пайдаланылмай жатқан 5 млн гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылады. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Министрліктің 2021 жылғы 26 шілдедегі №223 бұйрығымен «жаппай қауіп» ұғымын айқындау жөніндегі ұсынымдар бекітілді. Ал 2022 жылғы 4 мамырдағы №139 бұйрыққа сәйкес, «жаппай қауіп» аясында жалпы алаңы 5,8 млн гектарды құрайтын 1 901 шағын кәсіпкерлік субъектісіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізіліп жатыр», - деді Әбілхайыр Тамабек орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің атап өтуінше, жер пайдаланушыларды экономикалық мәжбүрлеуге жағдай жасау үшін пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлеріне салық ставкасы 10 еседен 20 есеге ұлғайтылды.

«Жоғарыда аталған шараларды ескере отырып, биыл 5 млн гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерін мемлекетке қайтаруды жоспарлап отырмыз. Бұл ретте пайдаланылмайтын және заңнаманы бұзып берілген жерлерді алып қою - бір күннің жұмысы еместігін атап өтемін. Өйткені Конституцияның және Азаматтық кодекстің нормаларына сәйкес меншік құқығы қорғалған. Ал алып қою процесі тек сот арқылы жүзеге асады», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар