Жерді бос жатқызбай, халық игілігіне жарату қажет - Иманғали Шөнкенов

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Жерді бос жатқызбай, оны халық игілігіне жарату қажет. Ақмола облысындағы «Агрофирма Green Star» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Иманғали Шөнкенов Ұлттық кеңестің екінші отырысындағы Мемлекет басшысының тапсырмаларына қатысты осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Иманғали Шөнкеновтың айтуынша, Мемлекет басшысы Ұлттық кеңесте сөйлеген сөзінде жерді тиімді пайдаланудың жаңа мүмкіндіктері туралы айтып қана қоймай, ең алдымен нақты міндеттерді айқындап берді.

«Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Көкейтесті мәселенің бірі – Жер және оны тиімді пайдалануға қатысты. Жақында Ақмола облысына жасаған сапарымда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді тиімсіз пайдалану жайына назар аудардым. Бұл бағытта, менің ұстанымым – бекем: Жерді игере алатын адам ғана оның иесі болуға лайық»,-деп атап өтті. Расында да, бүгінгі күні жер мәселесі кез келген қазақстандықты толғандырады. Президенттің жерді тиімді пайдалану туралы міндеттері менің ойымша, өте маңызды. Жалпы, жерді бос жатқызбай, оны халық игілігіне жарату қажет. Жерді тиімді пайдалану арқылы органикалық және экологиялық таза өнім өндірудің әлеуетін іске асыруға болады. Бұл Ақмола облысы үшін өте маңызды, өйткені, біздің қасымызда Нұр-Сұлтан мегаполисі бар және елордаға жеткізілім көлемін ұлғайту міндеті тұр», - дейді И.Шөнкенов.

Осы ретте, ол Мемлекет басшысы Үкіметке тиісті құқықтық актілерді жедел қабылдап, игерілмей, бос жатқан жерлерді экономикалық айналымға енгізу шараларын қолға алуы туралы тапсырмасының ауыл шаруашылығы саласының дамуына серпін беретініне тоқталды.

«Ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші ретінде экспортқа бағытталып, өнім көлемін ұлғайту бағытында жұмыс істейтін боламыз. Біздің қолдан суаруды дамытуда әлеуетіміз зор. Президенттің тапсырмасына сәйкес, 2030 жылға дейін ылғалдандыру арқылы суарылатын егістіктің көлемін республика бойынша 3 миллион гектарға дейін жеткізу жоспарда бар. Бұл мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығын қарқынды дамытуға мүмкіндік бермекші.

Біздің компанияға Целиноград ауданының Қабанбай батыр селолық округі аумағында орналасқан «Агрофирма Green Star» мен «Агро парк» серіктестіктері кіреді. «Агрофирма Green Star» серіктестігі жыл сайын 1200 гектар жерге агротехникалық жұмыстарын жүргізіп, Нұр-Сұлтан қаласын сапалы табиғи көкөніспен қамтамасыз етіп келеді.

Сөзімнің соңында айтарым, Мемлекет басшысының Ұлттық кеңесте жерді рациональды пайдалануды бақылауды қатайту, пайдаланылмай жатқан жерлерге салынатың салықтың көлемін ұлғайту маңызды қадам деу керек. Өйткені ауыл шаруашылығы саласының дамуы мен еліміздің әлеуметтік-экономикалық өркендеуі осыған тікелей байланысты», - деп түйіндеді И.Шөнкенов.

Соңғы жаңалықтар