Жер заңнамасының жетілдірілуіне атсалысуымыз керек – Әли Бектаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісіне өтетін-өтпейтінімізді сайлау шешеді, бірақ заңнаманың жерді Қазақстанның ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің өзі иемденіп, өзі игеруіне жағдай жасайтындай етіп өзгеруіне атсалысуымыз керек. Бұл туралы «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы өткізген семинарда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жер мәселесі – күн тәртібінен түспей тұрған сұрақтардың бірі. Өздеріңіз білетіндей, Президент Жер заңнамасына мораторий жариялаған. Көптеген мәселе Жер заңнамасының жетілдіруін күтіп отыр. «Ауыл» партиясының ауылға, ауыл шаруашылығы секторына тікелей қатысы бар, сондықтан жерге қатысты мәселенің барлығына араласуымызға тура келеді. Парламент Мәжілісіне өтетін-өтпейтінімізді сайлау шешеді, бірақ жердің шетелдіктерге сатылмау, шетелдіктерге жалға берілмеу мәселелеріне, заңнаманың жерді Қазақстанның ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің өзі иемденіп, өзі игеруіне жағдай жасайтындай етіп өзгеруіне атсалысуымыз керек», - дейді «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев.

Оның айтуынша, мұндай семинар-тренинг болашақта жиі өткізілетін болады.

«Ауыл шаруашылығына қатысты мәселе көп. Болашақта ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы, ауыл шаруашылығындағы жайылым мәселесі бойынша, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге қатысты, таза органикалық өнімдерді өндіру мәселесі бойынша, сондай-ақ ұлттық құндылыққа, тілге қатысты семинар-тренинг өткіземіз», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар