Жер үй салынатын 235 мың жер теліміне инфрақұрылым тартылады - вице-министр

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жеке тұрғын үй салу үшін берілетін 235 мың жер теліміне коммуникация салуды жоспарлап отыр.

Сенаттың тұрғын үй құрылысын дамыту мәселесіне арналған Үкімет сағатында вице-министр Еркебұлан Дауылбаев осындай мәлімет келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жылдың 10 айының қорытындысы бойынша елімізде 11,7 млн шаршы метр тұрғын үй салынды.

Астана қаласы мен Ұлытау, Маңғыстау, Атырау, Абай облыстарын қоспағанда, 15 өңірде тұрғын үйді пайдалануға беру көлемінің ұлғаюы байқалып отыр.

Тұрғын үй құрылысына салынған инвестиция көлемі 2,2 трлн теңге болды.

«Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде тұрғын үй құрылысын жандандыру үшін құрылыс алаңдарын инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз етуге 340 млрд теңге көзделген. Азаматтарға жеке тұрғын үй салу үшін берілетін 235 мың жер учаскесіне коммуникация салу жоспарланған», - деді ол.

Айтуынша, биыл республика бойынша тұрғын үй құрылысындағы 375 жобаны іске асыруға 119,1 млрд теңгеге қолдау көрсетілген.

Оның ішінде 50 257 жер учаскесіне инженерлік-комумуникациялық инфрақұрылым салу үшін 54 млрд теңгенің 180 жобасы іске асырылып жатыр.


Соңғы жаңалықтар