Жер учаскесінің нысаналы мақсаты өзгергенде кадастрлық құн төлене ме

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министр Әлихан Смайылов жер учаскесінің нысаналы мақсаты өзгерген кезде кадастрлық құнды төлеуден босатуға қатысты Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жер кодексінің негізгі қағидаттарының бірі жерді пайдаланудың ақылы болуы. Сонымен қатар жер учаскесінің нысаналы мақсаты өзгерген кезде кадастрлық құнды төлеуден босату жер учаскелерін ақылы беру көзделген басқа субъектілерді тең емес жағдайларға қояды және жер заңнамасының ақылы болу қағидатын бұзуға әкеп соғады. Осыған байланысты жер учаскесінің нысаналы мақсаты өзгерген кезде кадастрлық құнды төлеуден босатуды орынсыз деп санаймыз», - деп атап өтеді Әлихан Смайылов жауабында.

Сонымен қатар Үкімет басшысы депутаттардың жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту рәсімін 7-10 жұмыс күніне дейін қысқарту бойынша ұсынысына жауап берді. Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінде «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры шеңберінде мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралуда.

«Заң жобасында қағазсыз қызмет көрсету, жер учаскелерін беруді келісу, коммуналдық қызметтер рәсімін автоматтандыру, жер қатынастары саласындағы бюрократиялық және сыбайлас жемқорлық алғышарттарын алып тастау көзделген. Бұл қолданыстағы процестердің ашықтығына қол жеткізуге, қайталануды жоққа шығаруға, жылжымайтын мүлік пен жер учаскелерін ресімдеуге байланысты бизнес-процестерді оңтайландыруға мүмкіндік береді. Аталған заң жобасы аясында елді мекен шекарасындағы жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтініш келіп түскен сәттен бастап сегіз жұмыс күні ішінде оны қарау туралы норма көзделген», - деді Премьер-Министр.


Соңғы жаңалықтар